Тәуелсіздік жылдарында ғасырға пара-пар жолды еңсердік - Нығматулин
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде ғасырға пара-пар жолды еңсерді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Президенттік институт: Қазақстандық модель» атты халықаралық парламенттік конференцияда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі конференцияның тақырыбы »Президенттік институт: Қазақстандық модель« деп аталады. Бұл тақырып тосыннан таңдалған жоқ, ол заңды әрі өзекті. 2020 жылдың сәуірінде Қазақстанда президенттік институттың енгізілгеніне тура 30 жыл толады. Осылайша, басқарудың президенттік үлгісін таңдау Қазақстанның өз Тәуелсіздігі жолындағы күрделі алғашқы қадамдардың бірі болды. Қазақ КСР-нің Жоғарғы кеңесі 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Президенті лауазымын бекіту және Қазақ КСР Конституциясына түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы заң қабылдады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Оның атап өтуінше, нарықтық экономикалық қарым-қатынас құру, бірпартиялық жүйені жою, билікті бөлу ұстанымдарын біртіндеп енгізу президенттік институт қалыптастырудың ең басты алғышарты болды. Мұндай жағдайда президенттік құрылымды, азаматтардың құқықтарын, бостандығы мен қауіпсіздігін сақтау әрі нығайту міндеттемесімен қатар саяси және экономикалық өзгерістерді жедел жүргізу қажет еді.
«Сол уақытта ел басшылығының алдында дәл осындай күрделі әрі көп жоспарлы міндеттер тұрған еді. Қазақстандағы президенттік институттың өзіндік ерекшеліктерінің, өзіне тән сипатының болуы барынша заңдылық. Енді екі аптадан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтетін боламыз. Тарихи ғылым мен саяси тәжірибе тұрғысынан алып қарағанда бұл қысқа ғана мерзім болғанымен жетістіктер мен табыстар тұрғысында біз ғасырға тең жолды еңсердік. Бұл жеңістер мен жетістіктер жылдары, барша халықтың табанды еңбегінің және алға қарай кідіріссіз ұмтылыстың жылдары болды», - деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Әзербайжан, Болгария, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Моңғолия, Сербия, Франция парламентарийлерінің өкілдері қатысуда.