Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық идея Астанамен байланысты - Мұхтар Құл-Мұхаммед
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» форумында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл бүкіл қазақстандықтар үшін «Астананың жиырма жылдығы» деген үлкен ұранмен өтіп жатыр. Себебі Астана біздің еліміздің ресми алғандағы елордасы ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның символы. Қазір кезде теледидарды немесе интернетті қарасаңыздар, «Астананың уақыты бойынша», «Астананың ұстанымы», «Астананың ұсынысы» деген мәлімдемелер жасалады. Яғни бұл барша Қазақстанның ұстанымы білдіретін ұғым ретінде қабылданып жатыр. Еліміз Тәуелсіздік алған кезде ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғалды. Шындығына келгенде, біздің Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық идеямыз жиырма жыл бойы Астана болып келе жатыр. Өйткені Астана Қазақстандағы барлық жаңалықтардың, жаңғырулар мен жаңарулардың, барша инновацияның басты қаласы болып отыр. Сондықтан елорданың 20 жылдығы бүкіл еліміз үшін индустриялық- инновациялық және жоғары технологияның дамуына арналған жылы болуы керек. Осы орайда Қазақстанның барлық өңірлері дәл осы жылы Астанаға қарап бойын түзеуі керек деп есептеймін», - деп атап өтті М. Құл- Мұхаммед.
Форум елорданың қазіргі заманғы технологиялардың, сапалы білімнің, инвестиция мен жаңа идеялардың орталығы ретінде бағындарған белестері мен жетістеріне арналып отыр.
«Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген Астана бүгінде жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың белді қатысушысы ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Аз уақыттың ішінде Астана дүниежүзіне конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын бесігі ретінде танылды», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.