Тәуелсіздік жылдарының ішінде Үкімет бір де бір заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлемеген - Мәжіліс спикері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарының ішінде Үкімет бір де бір заң жобасын мемлектетік тілде әзірлемеген. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында, сессияны қорытындылап баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Тәуелсіздік жылдарының ішінде Үкімет бір де бір заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлемеген - Мәжіліс спикері

Мәжіліс спикерінің айтуынша, заң жобаларының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпнұсқалығының сақталмауы әлі күнге дейін үлкен проблема болып отыр. Бұл ретте Төраға Үкіметке пысықтай түсу үшін кері қайтарылған 13 заң жобасының 10-ы осы себептен орын алғанын атап өтті. «Тәуелсіздік жылдарында 2,5 мыңға жуық заң қабылданды. Бірақ осы 23 жылдың ішінде Үкімет бір де бір заң жобасының бастапқы мәтінін мемлекеттік тілде әзірлемеген. Ал депутаттар мемлекеттік тілде әзірленген тек 2 заң жобасына бастамашылық жасаған. Елбасы айтқанындай, бұл мәселені шуламай, саяси дискуссияға айналдырмай әр азамат үйде де, жұмысында да, қоғамдық орындарда да қазақ тілінде сөйлеуді парыз ретінде санап, тіліміздің күнделікті қолдануына үлесін қоса отырып жүзеге асырған орынды», - деді Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов. Бұл ретте палата төрағасы Парламентте заң жобалары мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданса, бұл халықтың мүддесінен шығуға қосқан зор үлесі болатынын алға тартты. Оның пайымынша, қазірге дейін заңдардың бастапқы мәтіні орыс тілінде жазылып, соңынан қазақ тіліне сапасыз аударылып келеді. Ал бұған қатысты мемлекеттік тілді жетік меңгерген заңгерлердің, түрлі сала мамандар тапшылығының аздығы айтылады. «Дегенмен, бірқатар мәліметтерді айтайын: Білім және ғылым министрлігінің деректеріне қарағанда, 2013 жылы жоғары оқу орындарын қазақ тілінде бітірген түлектер саны барлық мамандықтар бойынша 85 мыңнан астамды құраған. Ал 2014 жылы бұлардың саны 89 мыңнан асып түсті. Сонымен қоса, соңғы 2 жылда қазақ тілінде 4 мыңнан астам заңгер жоғару оқы орындарын бітірген. Олардың барлығы қайда сонда? Мемлекеттік органдар біздің осындай ресурстарымызды неге пайдаланбайды? Бұл ретте депутаттық корпус тікелей үлгі көрсете отырып, мемлекеттік тілде заң жобаларын әзірлеуге кіріседі деп сенемін. Бұл қазақ тілінің дамуына қосылған зор үлес болар еді», - деді спикер Қ. Жақыпов.