Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты 11 мың адамға рақымшылық жасалып, 2 мыңнан астам адам түрмеден босатылады
ТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты жасалатын рақымшылық 11 мыңнан астам адамды қамтитын болады.
Оның ішінде 2142 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде журналистерге берген сұхбатында Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім етті.
Тоқтала кететін жәйт, Мәжілістің бүгінгі күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР заң жобасы енгізілген болатын. Бұл ретте заң жобасында онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарына қатысты рақымшылық жасау көзделген. Сонымен қатар бұған дейін рақымшылыққа шамамен 35 мыңға тарта адам ілігеді деп жарияланған болатын.
«Жалпы, рақымшылық 11 мыңнан астам адамды қамтиды. Бұған себеп: жыл басында қолданыстағы заңдар ізгілендірілген болатын. Соның арқасында істі болған біршама адам жазадан құтылды. Ал, 11 мың адамның 2142-сі бас бостандығынан айыру органдарынан шығады. Қалған 9300-ге жуығы бақылау инспекциясында тұрғандар және шартты түрде жазасын өтеушілер», - деді Ә. Аманбаев.