Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 36 мың ағаш егілді
МАТЫ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Басши, Нұрым ауылдарында тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 36 мың ағаш егілді. Бұл туралы «Туған табиғатты аялайық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев айтты.
Б.Момбаевтың сөзіне қарағанда көгалдандыруды белгілі кәсіпкер, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабайқызы жүзеге асырған. «Бұған дейін Гөзел Құлжабайқызы тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай әр ауылды 20 мың ағаш егуге шақырып, бастама көтерген еді. Өзі бастаманың басы ретінде қатар тұрған қос ауылға 36 мың түп ағаш екті»,- дейді аудан әкімінің орынбасары.
Кәсіпкер 4,5 млн. теңге жұмсап ауыл маңындағы 20 гектар жерге көктерек, алма, қарағай сынды ағаштарды еккен. Сондай-ақ Басши ауылындағы мектептің 3,5 гектарлық ауласына 150 түрлі өсімдікті жайқалтып қойыпты. Әрі мектеп оқушыларын сол өсімдіктерді күтіп, баптауға үйреткен. Бүгінда аталған мектептің оқушылары барлық өсімдіктің атын жатқа айтып, оны күту жолдарымен таныстыра алады. «Қарағай ауылға сән берсе, көктерек отын, алма жеміс берсе ауыл тұрғындарына табыс көзі болады. Мектеп ауласындағы өсімдіктер оқушыларды әсемдікті сүюге, табиғатқа жақын болуға үйретеді. Бәрін қоса алғанда ауылды көркейтудің экологияға пайдасы зор», -дейді Г.Құлжабайқызының өзі.
Бүгінде Алматы облысында Г.Құлжабайқызының бастамасын қолдаушылар көбейген. Мәселен, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылындағы оқу-өндірістік комбинатының директоры Бақытгүл Ұзақова тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде 150 мың терек екпек. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай Халық Республикасынан көк теректің бірнеше шыбығын әкеліп, күту нәтижесінде 150 мыңға жеткіздік. Алдағы уақытта жер мәселесі шешілсе тәуелсіздіктің 20 жылдығына тартуымыз ретінде ауыл маңына егуді ойлап отырмыз»,- дейді ол.