Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қазақстандық 8 мың сәби шетел асты

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Шетелдіктер асырап алған қазақстандық сәбилер саны 8 мыңнан асып отыр. Дегенмен, соңғы уақытта бұл үдеріс төмендеп келеді.

Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қазақстандық 8 мың сәби шетел асты

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов осылай мәлімдеді.

Тоқтала кететін жайт, жиын барысында депутат Нұртай Сабильянов шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша  елшіліктің атқаратын қызметі жайында сұраған болатын. «Біз шетелге бала асырауға беруге қарсымыз. Дегенмен, қазір ол жаққа берілген балаларымыздың құқықтары толыққанды қорғалуы керек», -  деді депутат.

«Шетелдіктердің бала асырап алуға келетін болсақ, олардың саны 8 мыңға жуық. Яғни, Тәуелсіздіктің 20 жылында осынша баланы шетелдіктер асырап алды. Негізінен олардың басым бөлігі Батыс Еуропа мен АҚШ-та. Сөзсіз, біз шетелдіктер асырап алған балаларды есепке аламыз. Алайда егер Американың жағрапиясына салсақ, Ресейден сәл ғана кішкене осы елде Қазақстанның екі консулдық мекемесі, бірі - Вашингтонда, екіншісі Нью-Йоркте қызмет етеді. Ал асырап алынған балалар шашыраңқы орналасып, әр жақта тұрып жатыр. Сондықтан, бала асырап алған отбасыларды аралап шығуға бір ғана консулдың ешқандай күші де, қаражаты да жетпейді. Дегенмен, тұрақты жұмыстар жүргізілуде», - дейді өз кезегінде министр Е. Қазыханов.

Министрдің айтуынша, орын алып жататын жазатайым оқиғалардан, сәтсіздіктерден ешкім де сақтана алмайды.

«Дегенмен, бізді қазақстандық сәбилердің шетел асу үрдісінің біртіндеп төмендеп  келе жатқаны қуантады. Егер 1990 жылмен салыстырсақ, қазір бұл үдеріс күрт қысқарды. Қазақстандықтар өздерінің жағдайларының жақсаруына орай, баланы өз елімізде асырап алуға көбірек мән беріп келеді», - деді ведомство басшысы.