Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 73 ақмолалық мерейтойлық медальмен марапатталды
Облыстық әкімдікте өткен шараға әкімдік қызметкерлері, аудан, қала әкімдері, департамент және басқарма кәсіпорын және әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы Сергей Кулагин қазақстандықтар үшін ең маңызды мереке саналатын Тәуелсіздік күнімен барша ақмолалықтарды құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
«Елбасы өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарындағы республикамыздың жетістігі әрбір қазақстандықтардың тынымсыз еңбегінің арқасында деген еді. Жиырма бес жылдың ішінде бізде мықты мемлекет, жаңа экономика және жаңа тұтас қоғам құрылды. Оның ішінде сол кезде Елбасымен бірге Тәуелсіз мемлекет құрған және егемен Қазақстанның жетістігіне сеніммен қарағандардың арасында елге танымал әрі құрметке лайық ақмолалықтар да аз емес болатын», - деді өз сөзінде Сергей Кулагин.
Сонымен қатар облыс әкімі ақмолалықтардың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік саладағы жетістіктерін айта келе, алдағы жылы бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге тілектестік білдірді.
Осыдан кейін өңір басшысы Тәуелсіздік күніне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан облыстық әкімдік қызметкерлері, аудан, қала әкімдері, департамент және басқарма, кәсіпорын және әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары және ардагерлерден құралған 73 ақмолалыққа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті. Жалпы, мереке қарсаңында 600-ден астам ақмолалыққа түрлі деңгейдегі мерекелік наградалар тапсырылатын болады.