Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Батыс Қазақстанда үздік атбегілер марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында БҚО «Бәйге федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Алтын таға – 2021» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров ата-баба салт-дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген батысқазақстандық атбегілердің еңбегіне тоқталып, мерекемен құттықтады.

Бірқатар атбегілер БҚО әкімі мен аталған басқарма атынан алғысхатқа ие болды.

БҚО «Бәйге федерациясының» президенті Берік Есенғалиев федерацияның атқарған жұмыстарын, атбегілік дәстүрді сақтаудағы табыс-жетістіктерді атап өтті.

Ардагер атбегілер Құсайын Бақтияров пен Мүтәлі Төреғалиевтің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Шараға қатысқан алматылық атбегі, қолтума жылқылардың жанашыры, «Qazaq Golden Streed» компаниясының президенті Ертілеу Сатыбалды батысқазақстандық атбегілердің ауызбіршілігіне ризашылығын білдіріп, осы жылы қолтума жылқыларды тіркеуде белсенділік танытқан азаматтарға алғысхаттар табыс етті.

Ертілеу Оңдасынұлы бастаған топ өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанда туылған қолтума жылқыларды есепке алып, құжаттарын жасау ісін бастаған еді.

Осы бастаманы қолдаған батысқазақстандық атбегілер де 100-ден астам жылқыны тіркетіп, құжаттарын алды.

Тұңғыш рет өткен шара барысында жыл бойғы бәйгелерде оза шапқан үздіктер марапатталды. Сонымен, 2021 жылы «Тай жарысының үздігі» болып «Қазына» атты таймен топ жарған бөкейордалық Нұрдәулет Қалиақпаров, «Құнан жарысының үздігі» ретінде «Еркеқыз» атты сәйгүліктің иесі Мербол Меңдіханов, «Топ бәйгенің үздігі» деп «Байрақ» атты арғымақты баптаған Миржас Төлегенов танылды.

Елбасы кубогында жүлде алып, ел мерейін асқақтатқан «Абадан» атты жүйріктің иесі Жамбыл Сәтпаев «Аламанның үздігі» атанды.

Казталовтық Ершат Омарғалиев «Ең үздік шабандоз», «Абаданның» бапкері Ерназ Сәтпаев «Ең үздік бапкер» аталымдарын иеленді.

Ақ Жайықта дүниеге келгенмен, Арқада бәйгеге шауып жүрген, 2020 жылғы Президент кубогының иегері, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Казталов ауданының тумасы Мирлан Нұрболатовқа «Шебер шабандоз» атағы берілді.

Жыл бойғы бәйгелерді ұйымдастыру, атбегілік дамыту жұмыстарына берілген баға бойынша федерацияның аудандағы филиалдары арасынан Казталов ауданы үздік деп танылды.

БҚО «Бәйге федерациясының» атқарушы директоры Сатқали Байзулиннің айтуынша, соңғы жылдары өңірде атбегілік өнер қарқынды дамуда.

Құрамында 160-тан астам мүшесі бар федерация аудандарда ғана емес, сонымен бірге «Жайық жүйрігі» бәйгесін республикалық деңгейде ұйымдастыруды қолға алды.

Алдағы уақытта қолтума жылқылардың бәйгесін өткізу, шабандоздар мектебін ашу секілді бірқатар іргелі істер қолға алынбақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын атбегі Ақылбек Ишановтың атқа мінген баланың арманы асқақ, абыройы биік болатыны жөнінде айтқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар