Тәуелсіздіктің арқасы: алматылық дәрігер арманының ақиқатқа айналғанын айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің құрдастары – ел іргесін еңселі ұстауға бірден-бір себепкер тұлғалар. Егемендік таңында дүниеге келген өрендер елмен бірге есейіп, бой түзеп келеді. Бүгінде әрқайсысы сан салада еңбек етіп жүр. Солардың бірі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының эндоскопист-дәрігері Магда Құрбанова.
Магда Құрбанова – Тәуелсіздікпен түйедей құрдас. Ол бүгінде балаларды емдейді. Дәрігер. Медицина саласына ерекше ден қойған. Білікті маман бала кезінен ақ халат киіп, денсаулық сақтау саласында еңбек етуді армандаған.
«Мен Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасымын. Тәуелсіздік жылы дүние есігін ашқандықтан, бұл жыл мен үшін ерекше ыстық. Медицинаға деген қызуғушылық бала кезімнен басталды. Мектепте тазалық секторы болатынмын, сыныптың және оқушылардың таза жүруіне жауап бердім. Одан кейін жиі мектепішілік мейрам жиындарда дәрігер рөлін сомдайтынмын. Ақ халатты абзал жандарды мен әрдайым парасатты, жүректері мейірім мен ізгілікке толы, адамдарға көмегін тигізетін мықты мамандар деп қабылдайтынмын, өзім үшін үлгі ететінмін. Ақ халат кию арман болды», - дейді ол.

Ол мектепте жүрген кезінде анасы сырқаттанып қалады, сол кезде дәрігер боламын деген нақты шешім қабылдайды.
« Бесінші сыныпта оқығанымда аяқасты анам ауырып, ауруханаға түсті. Сол күннен бастап дәрігер боламын деп нақты шештім. Қазір, анамның жағдайы жақсы, пайғамбар жаста. Көмегімді тигізіп тұрамын. Бала арманым орындалды. Қазір дәрігермін. 2013 жылы Қазақ-Ресей медицина университетін, балалар хирургы мамандығы бойынша бітіріп, кейін интернатурасында оқыдым. Алғашқы еңбек жолымды Тараз қаласының №4 қалалық емханасында бастадым. Төрт жыл Педиатрия орталығының резидентурасында оқып, осында қазір эндоскопист-дәрігер қызметіндемін. Балалар саулығы үшін өз үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын»,- дейді дәрігер.
Оның айтуынша, Егемендік жастар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты.

«Егемендіктің Қазақ елінің жастары үшін берген мүмкіндіктері мол, ең бастысы, менің елім, менің жерім, менің Отаным, өз әнұраным, өз елтаңбам, қазақ тілім бар. Осыған шүкір етемін. Еліміз Егемендігін алғалы қазақ жастары білімдерін арттыруға мүмкіндік алды. Мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Айта кетсем, 1993 жылдан бері келе жатқан «Болашақ» бағдарламасы, шет елдерден тәжірибие алып, біліктілігін өз елінде ары қарай арттыру, тәжірибие алмасу. Жоғарғы оқу орындары, жастарға арналған инновациялық жобалар ашылып жатыр. Сонымен қатар еліміздің егеменді ел болғалы спорт, туризм, мəдениет салаларында жасалып жатқан шаралар жеткілікті. Тәуелсіз елімізде болып жатқан күн сайынғы өзгерістер мен жетістіктерге әр кез қуанамын»,- дейді Магда Құрбанова.
Кейіпкеріміздің сөзінше, 30 жылда медицина саласы да өзге салалар сияқты қарыштап дамып келеді.
«Отандық медицинаны дамыту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар қабылданды. Ең алғашқы бағдарлама – бесжылдыққа арналған «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы. Содан кейін «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және қазіргі таңда денсаулық сақтауды дамытуға арналған «Дені сау ұлт» жобасы іске асырылып жатыр. Медицина ұйымдары соңғы үлгідегі құрал жабыдақтармен толықты. Қазақстан медицинасы дамыған елдерден кем түспейді. Науқасты емдеуде барлық жаңа инвация қолданылып жатыр. Медицина мамандары да кәсіби өсіп келеді. Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін»,- дейді ол.
Сөз арасында, ол мамандығының ерекшелігіне тоқталды.

«Мамандығымның міндеті — адамның ішкі ағзасын зерттеу, яғни асқазан ішек жолдарының ақауын анықтау. Бөлімде түрлі эндоскопиялық зерттеулердің кешені жасалады. Бірқатарын айтқанда, эзофагоскопия (өңешті тексеру), гастроскопия (асқазанды тексеру), дуоденоскопия (тоқ ішекті тексеру), колоноскопия, Эпифарингоскопия (мұрын жұтқыншақты тексеру), Ларингоскопия (кеңірдекті тексеру), Трахеобронхоскопия ( трахея және бронхты тексеру) және тағы басқалары»,- дейді спикер.
Оның айтуынша, өмірлік ұстанымы адал жолдан таймау.
«Алған қойған мақсатым адал жолдан тайынбай, еліме еңбек ету. Халық саулығына, балалар денсаулығын нығайтуға өз үлесімді қосып, пайдамды тигізу. Қазақстанның тәуелсіздік жариялаған жылы дүниеге келу мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне өз үлесімізді қосу өте маңызды»,- деп атап өтті Магда Құрбанова.
Дәрігер мереке қарасаңында өзінің жүрек жарды тілген айтты.
«Барлық жетістігім - тәуелсіздіктің арқасы. Егемен елде біз де емін-еркін өмір сүріп, арман-асуларымызға қол жеткізіп келеміз. Осыдан артық қандай бақыт керек! Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде мен де өз елімнің дамуына өз үлесімді қосамын. Біздің ендігі міндетіміз - халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне атсалысу.
Тәуелсіздік — қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен өр рухының жеңісті жемісі. Мерейлі мереке қарсаңында елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, әр отбасыға бақыт, дендеріне саулық тілеймін! Қадамы батыл, қарышты дамыған еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!»,- деп тілек білдірді.