Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш әуежай Түркістан қаласында салынды

Түркістан әуежайы
Фото: Kazinform

5 жыл ішінде Түркістанда 250-ден астам жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Түркістан облысының құрылғанынан биыл 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көне шаһардың шырайы кіріп жаңаша бағытта дами бастады. Жаңа қала бой көтеріп, жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңарып, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. Бұл бастамаларды жергілікті тұрғындар - Тәуелсіздігіміздің жемісі деп біледі.

Соңғы 5 жылда облыстың жалпы өнірлік өнімі 2 есеге артып, 3,5 трлн теңгеге ұлғайған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылды.

Облыста құрылыс да саласы қарқынды дамып келеді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда 4 420 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Негізгі көппәтерлі үйлердің құрылысы Түркістан қаласында жүргізіліп жатыр. Жалпы Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезеңнен бері халық саны 50 мың адамға өсті. Қазір қалада 220 мыңнан астам халық бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Бұл өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал етті. 5 жыл ішінде көлемі 3 есеге ұлғайған, жалпы 3 трлн теңгеге жуық инвестиция облыс экономикасына тартылды.

Қазір тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жыл өткен сайын көптеген нысандар бой көтеріп жатыр.

Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш әуежай Түркістан қаласында салынды. Бұл өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін берді. 905,3 га аумақты алып жатқан әуежай қазақы нақыштағы ою өрнектермен әспеттелген. 2020 жылы алғашқы рейсті қабылдаған нысанның бүгінде қуаты артып келеді.

Түркістан әуежайы
Фото: Kazinform

Түркістан қаласының жаңа халықаралық әуежайынан бірінші кезеңде «Fly Arystan», «Qazaq Air» және «SCAT» қазақстандық әуе компаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына күнделікті рейстер орындаған болатын. Ал, бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы Ыстанбұл, Эль-Кувейт және еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Қарағанды бағыттарына қызмет көрсетіп келеді. Келер жылдан бастап «Түркістан – Абу-Даби» әуе бағыты ашылады деп күтілуде.

Түркістан әуежайы
Фото: Kazinform

Жаңа Түркістанда мәдени және рухани орталықтар да бой көтерді. Спорт нысандары, теннис орталығы, шығыс моншасы, «Алатау» медиа орталығы, оқушылар үйі, әкімшілік-іскерлік орталығы секілді жаңа ғимараттар салынды. 1200 орындық Мұз сарайы ашылды. Жалпы 5 жылда 250-ден астам жаңа нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында «Жібек жолы», «Президент» саябағы, Б.Саттарханов, Яссы көшелеренің бойында желілік саябақтар, «Отбасы», «Денсаулық» саябақтары ашылды. Көгалдандыру жұмыстары да жыл өткен сайын қарқынды жүріп жатыр.

Осылайша, 5 жылдың ішінде тарихы тереңде жатқан, күллі түркі xалықтарының өткенінен сыр шертетін киелі мекен Түркістан өзгерген өңірге айналды.

Соңғы жаңалықтар
telegram