Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керек – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада ел ішінде жасалып жатқан реформалар жөнінде пікір білдірді.
– Құрметті отандастар! Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи белес жүріп өткен жолымызды терең зерделеп, жан-жақты саралауға және болашаққа арналған стратегиялық жоспарларды айқындау тұрғысынан айрықша маңызға ие, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алу қажет екенін баса айтты.
– Биылғы жыл еліміздің ауқымды жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында ілгерілеуге ұмтылған мемлекет ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті. Жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция – алдағы ондаған жылдарға арналған мемлекетіміздің негізгі заңы. Дәл осы Конституция халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастап, алға жетелейді, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бірпалаталы Құрылтай сайлауы өтеді. Ал қыркүйекте Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Осылайша біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз.
– Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады. Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға, жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет.
Қазір біз бір ел болып, жасампаздық жолына түстік. Қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.
Қазақстан байрағы Reddit платформасындағы Flags of the World Tournament онлайн-турнирінде әлемдегі ең үздік мемлекеттік ту деп танылды.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Арктикалық дүниежүзілік архивке сақтаулы.