Тәуелсіздік күні қарсаңында Өзбекстандағы қазақстандықтар эко-акция ұйымдастырды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қазақстандықтар Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан Елшілігі ғимаратының алдына ағаш отырғызды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Іс-шара елшіліктің бастамасымен және Өзбекстандағы қазақстандық бизнес өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Оған дипломатиялық миссия өкілдері, Өзбекстанда жұмыс істейтін 20-ға жуық отандық компаниялардың мамандары мен Ташкенттегі қазақстандықтар қатысты. Іс-шара аясында 100-ге тарта ағаш отырғызылып, сенбілік ұйымдастырылды.

Игі іске қолдау білдіре келгендер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге шыққанын атап өтті. Бүгінгі таңда қос елдің бизнес өкілдері арасындағы байланыс экономикалық ілгерілеуге серпін берді. Тиісінше, олар бұл бағыттағы жұмысты тиімді сабақтап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.

