«Тәуелсіздік ұрпақтары»: 3 миллион теңге жастарға қандай мүмкіндік береді

АСТАНА. KAZINFORM — Жастардың тың идеяларын қолдау, олардың түрлі саладағы бастамаларын дамыту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты соңғы жылдары ең сұранысқа ие мемлекеттік жобалардың біріне айналды.

«Тәуелсіздік ұрпақтары»-2025
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгінде грант аясында жасанды интеллект, IT, медиа және әлеуметтік кәсіпкерлік бағытындағы жобалар саны артып келеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемірдің айтуынша, гранттың басты мақсаты — қаржылық мүмкіндігі шектеулі, бірақ тың идеясы бар жастарға қолдау көрсету.

— Жалпы мақсаты — қарапайым тілмен айтатын болсақ: идея бар, бірақ қаражат жоқ. Сол кезде ең тиімді бағыттардың бірі — бұл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, — дейді ол Jibek joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Ақұлан Тастемір
Фото: Видеодан скрин

Гранттың екі деңгейі бар

Спикердің сөзінше, жоба республикалық және өңірлік деңгейде жүзеге асырылады.

Республикалық грант Президент бастамасымен 2021 жылдан бері беріліп келеді. Жыл сайын 30 жеңімпазға 3 миллион теңгеден қаржы бөлінеді.

— Бұл — министрліктің гранты: 3 000 000 теңге, 30 адам, жалпы құны 90 000 000 теңге беріледі, — деді Ақұлан Тастемір.

Победителей гранта «Тәуелсіздік ұрпақтары» наградили в Астане
Фото: Әділет Беремкулов / Kazinform

Бұдан бөлек, облыс әкімдіктері де жастардың жобаларын қаржыландырады. Өңірлерде грант көлемі 500 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін жетеді.

Спикердің айтуынша, өңірлердің ерекшелігіне қарай қосымша бағыттар енгізілген. Мәселен, аграрлық немесе өндірістік аймақтар өз қажеттілігіне сәйкес жобаларды қолдай алады.

Қайтарымсыз қаржы, бірақ жауапкершілік жоғары

Гранттың негізгі ерекшелігі — қаражаттың қайтарымсыз берілуі.

— Ал бұл жерде сіз алған 3 000 000 теңгені ешкімге ешқашан қайтарудың қажеті жоқ — пайыздық үстеме жоқ. Ең бастысы — нақты талап: алған қаражатты тиімді, өзінің бағытына сай жұмсау керек болады, — деді комитет өкілі.

п
Фото: pixabay

Алайда грант иегерлері жұмсалған қаражаттың есебін беруге міндетті. Ол үшін чектер, сатып алынған жабдықтардың фотосуреттері мен жобаның жүзеге асу барысы туралы есеп ұсынылады.

Грант алғандардың 90 пайызы жобасын жалғастырып келеді

Ақұлан Тастемір грант тиімділігін бағалауда жиі көтерілетін мәселелердің біріне тоқталды.

— «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына ие болғандардың 90 пайызы өз ісін дөңгелетіп алып кетті. Бірақ «10 пайызы дұрыс пайдаланбады» деп айта алмаймыз — барлығы 100 пайыз толық игерілді. Бұл өміршеңдік мәселесі: 90 пайызы жалғасты, қалған 10 пайызы 1 реттік шара болғандықтан тоқтады десек, нақтырақ болады, — деді ол.

Оның айтуынша, тоқтап қалған жобалардың басым бөлігі волонтерлік және мәдени бағыттағы бір реттік бастамалар болған.

— Волонтерлік бағытта сіз бір үлкен қайырымды іс жасағыңыз келеді… Жеңімпаз болдыңыз, іске асырдыңыз — бірақ әрі қарай бұл волонтерлік жоба өміршеңдігін тоқтатады, бір рет іске асырылады, — деді спикер.

Ал кәсіпкерлік және IT бағытындағы жобалардың басым бөлігі кейін де жұмысын жалғастырып келеді.

Жасанды интеллект пен IT жобалары көбейді

Соңғы жылдары грантқа ұсынылатын жобалардың сипаты да өзгерген.

Зарплаты IT-специалистам повысят в Таджикистане
Фото: SugdPressa

— Биыл өз елімізде жасанды интеллект, IT саласындағы өтінімдер көбейді. Жастар бүгінде жасанды интеллект көмегімен бейнероликтер әзірлеу, мобильді қосымшалар жасау, түрлі технологиялық құрылғылар әзірлеу бағытындағы жобаларды жиі ұсынып жатыр, — деді Ақұлан Тастемір.

Медиа саласындағы жобаларға да қызығушылық артып келеді. Әсіресе, ағартушылық бағыттағы курстар, дәрістер, медиа-сабақтар мен контент өндіру жобалары көбейген.

Жай дүкен ашу жеткіліксіз

Жыл сайын грантқа шамамен үш мыңға жуық өтінім түседі. Оның 60-70 пайызы бизнес бағытында келеді.

Алайда комиссия мүшелері жобаның тек табыс әкелуіне емес, оның өміршеңдігі мен қоғамға пайдасына ерекше мән береді.

дүкен, магазин
Фото: Midjourney

— «Бизнес» десе барлығымыз тек дүкен ашу керек, азық-түлік не болмаса кез келген сауда-саттық еске түседі. «Алдым-саттым» деген дүние ғана емес, бұл жерде жоба өміршең болу керек, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қарапайым сауда нысанын ашу идеясы комиссияны қызықтырмауы мүмкін. Жоба қоғам сұранысына жауап беріп, ұзақ мерзімді нәтиже көрсетуі тиіс.

Жеңімпаз жоба: қойшының жұмысын жеңілдеткен құрылғы

Спикер грант аясында жүзеге асқан табысты жобалардың бірін мысалға келтірді.

Шымкенттік жас өнертапқыш мал шаруашылығына арналған арнайы құрылғы жасап шығарған. Құрылғы малдың қозғалысын бақылап, олардың қай жерде жүргенін сигнал арқылы көрсетеді. Сонымен қатар дрон арқылы басқару мүмкіндігі де қарастырылған.

GPS трекер
Фото: wikipedia.org

— Яғни бұрынғы ата кәсіпке қазіргі жасанды интеллект пен технологияны қосу арқылы керемет дүниелер пайда болып отыр, — деді ол.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

Грантқа 14 пен 34 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Биыл өтінім қабылдау 21 маусым күні түнгі сағат 00:00–де аяқталады.

— 12-ден бір минут өтсеңіз — қабылдамаймыз, шарт солай. Қатаң тәртіп, — деді Ақұлан Тастемір.

Оның сөзінше, өтінімдер саны көп болғандықтан бәсекелестік те жоғары.

Қазылар өтінім иесін білмейді

Спикер әлеуметтік желілерде айтылатын «жеңімпаздар алдын ала белгілі» деген пікірлерді жоққа шығарды.

— Қазылар алқасы отырыс барысында өтінім кімдікі екенін білмейді, — деді ол.

Комиссия мүшелерінің 30 пайызы жыл сайын жаңартылып отырады. Әр жоба сегіз түрлі критерий бойынша бағаланады. Олардың қатарында жобаның өміршеңдігі, қоғамға пайдасы және өзектілігі бар.

Егер қатысушылардың ұпайлары тең түссе, комиссия мүшелері қосымша талқылау өткізіп, ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.

Бұрынғы жеңімпаздар қайта қатыса алмайды

Республикалық деңгейдегі гранттың жеңімпаздары қайтадан қатыса алмайды. Алайда өңірлік грант иегерлеріне кейін республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік берілген.

Сонымен қатар жоба жаңадан басталуы міндетті емес.

— Сіздің жобаңыз бұрыннан іске асып келе жатқан ата кәсіп болуы мүмкін, өзіңіздің үй кәсібіңіз, жеке идеяңыз немесе креативті жобаңыз да жарайды. Сол жобаны әрі қарай дамытуға 3 000 000 теңгені қосымша қаражат есебінде ала аласыз, — деді комитет өкілі.

Есеп тапсырмағандар қаржыны қайтаруы мүмкін

Грант қаражатын игеру бойынша бақылау жүргізіледі. Жеңімпаздар тұрақты түрде есеп тапсырып отыруы тиіс.

— Егер іске асырмасаңыз, біз ескерту жасаймыз. Ескертуге құлақ аспасаңыз, келісімшартқа сәйкес сот жүйесі арқылы 3 000 000 теңгені үстемесімен қайтаруға міндетті боласыз, — деді Ақұлан Тастемір.

Оның айтуынша, бұл мемлекеттік қаражат болғандықтан, әрбір жоба тиімді әрі мақсатты түрде жүзеге асырылуы қажет.

Жастар үшін үлкен мотивация

Грант жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылады.

— Грантты табыстау рәсімі өте жоғары деңгейде өтеді — Премьер-министрдің орынбасары, министрлер деңгейінде, зәулім сарайда өтеді, — деді спикер.

Оның пікірінше, мұндай құрмет жастардың жаңа бастамаларға деген сенімін арттырып, оларды үлкен жетістіктерге ынталандырады.

Осылайша, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың идеяларын нақты жобаға айналдырып, оларды кәсіпкерлікке, инновацияға және қоғамдық белсенділікке жетелейтін маңызды мемлекеттік қолдау тетігі ретінде қалыптасып келеді.

Айта кетейік, биыл 24 маусым мен 8 шілде аралығында халықтың әлеуметтік осал санаттары арасындағы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінім қабылдау жүргізіледі.