Ізгі істерге ұйысатын кез келді: Құрылтай депутаттары халықты «Халықтық құрылыс» жобасын қолдауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Құрылтай депутаттары отандастарға үндеу жариялады. Олар елдің жетістіктерін атап өтіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін халықты бірлікке шақырды. Барлық фракция атынан жарияланған үндеуді депутат Дихан Қамзабекұлы оқып берді.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Құрылтай депутаттары үндеу жариялады
Фото: Құрылтай

Үндеуде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен соңғы жеті жылда жүзеге асқан өзгерістер атап өтілген.

Депутаттардың мәліметінше, осы кезеңде әлеуметтік жобаларға қайтарылған активтердің 1 трлн теңгеден астамы бағытталған. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың есепшотына 2,5 млрд долларға балама қаражат аударылған.

Сондай-ақ ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жеткен. Жеті жылда 1300-ден астам мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме және 536 спорт пен мәдениет нысаны салынған.

Үндеуде елдің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 130 млрд долларға жуықтағаны, ал жалпы ішкі өнім көлемі 398 млрд долларға жеткені де айтылған.

Құрылтай депутаттары алдағы кезеңде ел бірлігін нығайтып, тәуелсіздікті қорғау жолындағы ортақ жауапкершілікті арттыру маңызды екенін атап өтті.

Осы ретте олар Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасын қолдауға шақырды. Жоба аясында халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік және ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салу көзделіп отыр.

«Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын қолдау әр азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс, делінген үндеуде.

Айта кетейік, бұған дейін «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналатынын жаздық.