Тауға кеткен турист ТЖ қызметіне хабар беруге міндеттеледі – Министр
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі туристердің таулы аймақтардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға түзету енгізуді ұсынып отыр.

Жаңа норма бойынша туристер жету қиын таулы аймақтарға сапар алдында ТЖМ бөлімшелеріне өз маршруттары туралы міндетті түрде хабар беруге тиіс. Бұл туралы министр Ербол Мырзабосынов Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады.
Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елімізде 700 шомылуға рұқсат етілген орын белгіленді. Қауіпті жерлерде 201 құтқару бекеті жұмыс істеп тұр.
− Таулы аймақтарда жағдай күрделі. Соңғы бес жылда 400-ден астам құтқару операциясы жүргізілді. Тек өткен жазда 112 жағдай тіркелген. Осыған байланысты, тауға шықпас бұрын туристердің маршруттары туралы төтенше жағдай қызметтеріне хабарлау тәртібін заңнамалық түрде бекіту қарастырылып жатыр, − деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, Алматы тау кластері аясында қауіпсіздікке арналған инфрақұрылым салынып жатыр.
− Шалғай тауларда 18 үйшік орнатылды. Онда алғашқы көмек қобдишасы, азық-түлік, көрпе және «SOS» түймесі бар. Бұл жүйе бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті. Осы тәжірибені басқа да таулы аймақтарға енгізу ұсынылады, − деді сала министрі.
«ҚазАвтоЖол» деректері бойынша, республикалық жолдарда 1446 сервис нысаны бар. Оның 90%-ы стандарттарға сай. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетуі қажет.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге 15,3 миллион турист шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған.
Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады.
Сондай-ақ, Қазақстанға келген туристерге тегін SIM-карта беру ұсынылды.