Тауға шығарда маршруттарды кімге және қалай тіркеу қажет
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев таудағы демалыс кезінде сақтық шаралары сақталуы тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, жаз мезгілінде таулы аймақтарға баратындардың саны артады. Осыған байланысты құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, төтенше жағдайларға дайындық шаралары қолға алынған.
Алматы аумағында екі кәсіби құтқару бөлімшесі — ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметі мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметі жұмыс істейді. Таудағы іздестіру-құтқару жұмыстарына 194 құтқарушы, 60 техника және екі тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар Альпинизм федерациясы мен Ерікті құтқару қызметінің өкілдері де көмек көрсетеді.
Туристердің қауіпсіздігін арттыру үшін таудың шалғай учаскелерінде және Алматы облысына жақын аумақтарда 18 тау лашығы орнатылған. Олар дәрі қобдишаларымен, ұялы телефондарды қуаттайтын құрылғылармен, жылы көрпелермен және ұзақ сақталатын азық-түлікпен қамтамасыз етілген.
— Қазіргі уақытта төрт бақылау-құтқару бекеті жұмыс істейді. Оның екеуі өткен жылы ашылған. Бұл кейбір бағыттарда зардап шеккендерге көмек көрсету уақытын 3-4 сағатқа қысқартуға мүмкіндік берді. Жалпы таудағы оқыс жағдайлардың көбі туристердің дайындықсыз жолға шығуынан, ауа райын ескермеуінен, бағытты алдын ала зерттемеуінен және өз күшін дұрыс бағаламауынан болады, — деді ол.
ТЖД мәліметінше, 2025 жылы құтқарушылар таудағы іздестіру-құтқару жұмыстарына 410 рет шығып, 608 адамды құтқарған. Ал осы жылдың басынан бері 112 операция жүргізіліп, 189 адамға көмек көрсетілген.
— Тауға шығар алдында маршрутты 112 қызметі немесе ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелері арқылы тіркеу қажет. Бұл төтенше жағдай туындаған жағдайда іздеу жұмыстарын жеделдетіп, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — деді Денис Ярцев.
Сондай-ақ Денис Ярцев 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда қолжетімділігі қиын аймақтарға сапарға шығатын туристер үшін қозғалыс бағыты туралы азаматтық қорғау органдарына алдын ала хабарлау тәртібі енгізілгенін еске салды.
Бұған дейін құтқарушылар Алматы тауларында адасып кеткен екі жасөспірімге жәрдемдесті.