Тәуір жолдарды «кемірген» ауыр жүк көліктері: Мәселе қаншалықты өзекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын республикалық және облыстық маңыздағы мыңдаған шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кей бағытта жаңа жолдардың салынатыны белгілі. Алайда кей жағдайда ауыр жүк көліктерінің қозғалысы салдарынан салынғанына көп болмаған жаңа жолдар қайтадан жарамсыз күйге түсіп, халықтың наразылығын туғызып жатады. Аталған мәселе елімізде қаншалықты өзекті? Ауыр жүк көліктерімен жұмыс жүргізетін кәсіпорындарға бұл бағытта талапты күшейту тетіктері қарастырылып жатыр ма? Осы сауалдарды ресми түрде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке жолдаған едік. 
None
None

Ауыр жүк көліктерінің қозғалысы салдарынан жолдардың тоз-тозы шығуы елімізде кездесіп жататыны жасырын емес. Бұған мысал ретінде былтыр салынғанымен, биыл бұзылып қалған Қарағанды облысындағы Қарқаралы - Егіндібұлақ тас жолын келтіруге болады. «24.kz» арнасы хабарлағандай, аталған бағытта ірі кен орнының ауыр жүк көліктеріне білігіне 8 тонна жүк тасуға рұқсат берілгенімен, мердігер 15 тоннадан асатын жүк тасып, салдарынан жаңа жолдың сапасы бір жылға да шыдамаған.

ҚР ИДМ ресми жауабына сүйенсек, министрліктің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасына сәйкес «ҚазЖолҒЗИ» АҚ автомобиль жол жамылғысының бұзылуына әсер ететін жүктемеге есептік бақылау жұмыстарын жүргізген. Оның қорытындысына сәйкес, білік жүктемесі 8 тоннадан асса, жол қызметінің нашарлайтыны анықталған. Осыған байланысты министрліктің бұйрықтарына сәйкес, жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдары бойынша жеке білікке түсетін жүктемені 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілген.

«Алайда бұл шектеулер халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларын, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсету, азық-түлік тасымалдау, жолаушылар мен багаж, дәрі-дәрмек тасымалын жүзеге асыратын, қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі қолданыстағы жамылғы бойынша жол-құрылыс жұмыстарына тартылған автокөлік құралдарына қойылмайды», - делінген жауапта.

Жауапқа сүйенсек, автокөлік құралдарының қозғалысын бақылау, сондай-ақ енгізіліп жатқан шектеулер есебімен ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттаманы министрліктің Көлік комитеті береді. Сондай-ақ, ҚР «Автомобиль көлiгi туралы» заңына сәйкес, көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының Қазақстанның аумағымен жүріп өтуін, сондай-ақ автокөлік құралдары арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы жүріп өткен кезде бақылауды көліктік бақылау органдары жүзеге асырады.

«ЕАО кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде, сондай-ақ тауарларды ЕАО кедендік шекарасы арқылы өткізудің өзге де орындарында автокөлік құралдарының жүріп өтуі бойынша  көліктік бақылауды ҚР мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады», - делінген жауапта.

Ауыр салмақты автокөлiк құралдарының салмақтық параметрлерден, оның iшiнде арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану арқылы тiркелетiн салмақтық параметрлерден асырған, сол сияқты арнайы рұқсатсыз жүрiп өткен жеке және заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК 571-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Бұл ретте айыппұл көлемі рұқсат етілген салмақтық параметрлердің арту мөлшеріне және кәсіпорын субъектісінің санатына байланысты 40-тан 1000 АЕК-ті құрайды. Сондай-ақ,  ӘҚБтК 571-бабының 9-бөлігіне сәйкес, автокөлiк құралын тиеу процесiнде заңнамада белгiленген, жол берілген салмақтық және көлемдiк параметрлерді асырған  жүк жөнелтушiнiң әкімшілік жауапкершілігі көзделген. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектінің санатына байланысты 30-дан 100 АЕК дейін құрайды», - делінген жауапта.

«2018 жылдың 6 наурызында Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Хаттамасымен бекітілген Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық топ министрліктің тек бөлінбейтін жүкке ғана арнайы рұқсат беру туралы ұстанымын мақұлдады», - деп хабарлайды ҚР ИДМ-нан.

 

Соңғы жаңалықтар