Тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін – алматылықтарға ескерту жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қар көшкіні жүру қаупіне байланысты тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Департамент таратқан мәліметтерге қарағанда, жылымық кезде жауын-шашынның мол түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығы мен биіктігінің жоғары болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында 5 - 6 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.

«Көшкін жүру қаупі ықтимал болуына байланысты, қарлы тік жартастарға шығуға болмайды. Тауда абай болыңыздар»,- делінген ведомстваның хабарламасында.

Қазгидромет ауа райы болжамына сәйкес 5 сәуірде циклон солтүстік-шығысқа жылжып, Қазақстанның басым бөлігіне ықпал етеді және соған байланысты атмосфералық ағындар кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нөсер жауын алып келеді. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, солтүстік-батыста – жаяу бұрқасын, оңтүстік-батыста – шаңды дауыл соғып, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста – найзағай жарқылдайды.



Соңғы жаңалықтар