Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатты - Олжас Сүлейменов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтанның қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ дегенді қайталай айтқаны өте жақсы болды. Иә, тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбатында ақын, мемлекет қайраткері Олжас Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астанада өткен салтанатты жиналыста сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне өз пікірін білдірді.
Менің жас күнімде жазып, өмір бойы ұстанып келе жатқан қымбат қағидам - тауларды аласартпай, даланы асқақтату. Елбасы сөзі дәл осы ойдың орайынан шыққандығымен көңіл толтырып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев тарихи сөз сөйледі. Бұлай дегенде мен ол сөздің тарихқа арналғандығын, тарихи оқиғаға байланысты айтылғандығын меңзеп тұрған жоқпын. Президенттің бұл сөзі Мемлекет басшысының қазақ тарихын жалпы бағалау арқылы оның мән-маңызын терең ашып көрсеткендігімен ерекше құнды. Елбасы қазақ мемлекеттілігінің түп-тамыры өте арғы замандарда екенін нақты дәлелдеді.
Тарих мәселелерімен айналысқаныма жарты ғасырдан асып барады. Осы жылдарда талай еңбектерімде мемлекеттіліктің бірінші белгісі жазуы болуы екендігін айтқанмын. Менің түркі жазуының бастауларын қазақ даласынан алыс жерлерден іздегенім белгілі. Мұның өзі біздің бабаларымыздың жеті жұртпен жалғасып жатқан дәстүрлері мол болғанын білдіреді.
Жұбан ақын жақсы айтқан, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп. Біздің ары-бері жөңкіле көшіп-қонуымыз Еуразияның алып даласында әртүрлі мемлекеттіліктердің пайда болуымен, өркендеуімен, жоғалуымен жалғасып жатқан. Түркілер сияқты ұлы этностың жиналусыз, құрылусыз өмір сүруі әсте мүмкін емес еді. Мемлекет дегеніміздің басты белгісі де сол. Қазір біздің қайта жиналып, қайта құрылып жатқанымыздың маңызы да осында. Бұл, әсіресе, он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлардағы катастрофалардан кейін ерекше мәнді.
Нұрсұлтанның қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ дегенді қайталай айтқаны өте жақсы болды. Иә, тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ. Бабаларымыз жаулаушылық, тонаушылық соғыстарын жүргізіп, тарихта қанды ізін қалдырмады. Сонымен бірге, біздің тарихымызда біз қайғыра еске алатын кезеңдер баршылық екенін де ұмытпауға тиіспіз. Біз сол кезеңдерде етек-жеңімізді жинай алмағанымыз, басымыздың бірікпегені үшін қысылуға, сол трагедиялы тұстардан тағылым алуға тиіспіз. Президент сөзінің қуатты бір тезисі осы.
Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің тұтастығына да тоқталды. «Араб көктемінен» кейін сондай сынақты сырт күштер түркі дүниесіне де дайындамайды деп ешкім де айта алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда біз түркі тілдес елдердің қуаттанып келе жатқанына қуанамыз. Менің досым Гейдар Алиевтің ұлы Ильхам Алиевтің басқаруымен Әзербайжанда өте ірі істер атқарылып жатқанын атап өту жөн. Қарабақ қырғынынан кейін елдің еңсе көтеріп, бой тіктеп кетуі үлкен жетістік. Мені ақын ретінде Нұрсұлтанның өз мемлекетімізді Ұлы Дала елі деп бейнелі атау жөніндегі ұсынысы өте қуантады. Бұл өте дұрыс. Енді біз Ұлы Дала перзенттері деген атаққа лайық болуды ойлауымыз керек.