Тәулік бойы хабар тарататын үш телеарнаның бірін мәдени мұрамызды насихаттайтын арна етіп құру қажет - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтановтың пайымдауынша, елімізде ашылуы жоспарланып отырған тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын үш телеарнаның біреуін ұлтымыздың мәдени мұрасын насихаттайтын арна етіп құру қажет.
None
None

Сенатор бұл пікірін бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келешекте Қазақстанда тек мемлекеттік тілде тәулік бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу көзделіп отырғанын білеміз. Ресейде мәдениет жайлы хабар тарататын «Культура» деген телеарна бар. Үш телеарнаның біреуін мәдени мұрамызды насихаттайтын, мәденит жаңалықтарын халыққа жеткізетін арна ретінде ашқан жөн», деді Қ. Сұлтанов отырыста.

Айта кетейік, келешекте елімізде тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын үш бірдей телеарна ашу жоспарланып отырғанын 2009 жылғы желтоқсанның 12-де Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев айтқан болатын. Қ. Саудабаевтың атап көрсеткеніндей, олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп жоспарлануда. Арналардың біреуін «Мәдениет», екіншісін оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған «Балауса» деп атау көзделіп отыр. «Арналардың атауына қатысты айтарым, бұл - түпкілікті шешім емес. Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет», деген болатны сонда Қ. Саудабаев.

Ал, 2009 жылғы желтоқсанның 21-де болған ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ тілінде тәулік бойы хабар тарататын телеарналар Қазақстанда сандық жүйе енгізілгенде барып жүзеге асуы мүмкін екенін айтқан болатын. «24 сағат толық қазақ тілінде хабар тарататын үш телеарна туралы баспасөзде бірнеше мәрте жазылды. Дегенмен, мен өз басым ешқашан келесі жылы осындай үш телеарна ашылады, деп айтқан емеспін. Жалпы, бұндай телеарна Қазақстанда сандық телеарна жүйесіне көшу жүзеге асырылғанда ғана ашылуы мүмкін. Ал оның қай мерзімде, қашан ашылатынын уақыт көрсетеді. Бірақ, бұндай арналардың ашылатындығында еш күмән болмауы керек», деген болатын Үкімет сағатында М. Құл-Мұхаммед.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы республикалық жиілікте 10 арнаны көрсетуге мүмкіндік бар болса, сандық арналар іске қосылғанда олардың әрқайсысының жиілігіне тағы 7-8 телеарна ашуға мүмкіндік туады. «Демек, сандық жүйе арқылы қазақстандық көрерменге 50-60 телеарнаға дейін тамашалауға мүмкіндік болады. Қазір осы бағыттағы тұжырымдама жасалуда. Бұл тұжырымдама дайын болған соң оны Үкімет бекітеді. Содан кейін барып, тәжірибе жүзінде екі-үш өңірде 2010 жылдың екінші жартысынан немесе 2011 жылы көшіруді жоспарлап отырмыз», деді министр. Оның айтуынша, сандық телеарнаға көшу 1-2 жыл емес, 4-5 жылдың мерзімінде жүзеге асатын үдеріс.

Соңғы жаңалықтар