«Тәулік бойы қазақша хабар тарататын үш телеарна ашылады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 10-ы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Ана тілінде ақпарат пен бағдарламаларға сусап, ақиқаты жарымай келе жатқан қазақ тілді аудиторияның «көз жасы» жоғарыға жеткен сынды. Құдай қаласа, таяу болашақта Қазақстанда тәулік бойы тек мемлекеттік тілде, яғни 24 сағат бойы тынбастан хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу көзделіп отыр. Кеше ақжолтай хабар Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің екінші отырысында жария етілді. Жиынға төрағалық еткен Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев аталған игі істің сандық телеарнаға көшу аясында жүзеге асырылатынын, соны арналалардың ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени және тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болатынын жайып салды», деп жазады «Айқын» басылымы. Бұл мақала газеттің бүгінгі санында «Тәулік бойы қазақша хабар тарататын үш телеарна ашылады» деген тақырыппен жарияланған.
Осы алқалы жиынға орай «Нұр Астана» басылымында жарияланған мақала «Қордың дегені болса, қазақ тілі қор болмайды» деген тақырыппен берілген. Газеттің жазуынша, қазіргі таңда 25 мыңнан астам өзге ұлыс өкілдері қазақша мектептерде білім алып жатса, ұлты басқа 20 мыңнан астам бүлдіршін қазақ балабақшаларына барып жүр екен. Сонымен қатар елімізде мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. 2011 жылы олардың саны 2 есеге ұлғаймақ.
Алқалы жиынға орай жарық көрген мақалалармен «Литер», «Казахстанская правда» басылымдарынан да егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
Осы аптаның басында ел Үкіметі ағымдағы жылдың 11 айының әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын шығарған болатын. Осы жайтқа орай «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Оңды болған он бір ай» атты көлемді мақала жарық көрді. Жарияланымда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің «Үкіметте, министрлер, әкімдер, сондай-ақ мемлекеттік және жеке кәсіпорындар басшылары арасында қалыптасқан үйлесімді жұмыстың нәтижесінде біз мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай алдық және 11 айдың қорытындылары бойынша оң нәтиже тіркеліп отыр. Мұны сандар мен статистика куәландырады. Соның ішінде біздің индустриямыздың, ауыл шаруашылығының оң өсімі атап өтуге лайық», деген сөзі келтірілген.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу өзгеріске ұшырай ма?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде алдағы уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеу тағы да реформаға ұшырауы мүмкін екендігі айтылған. Басылымның жазуынша, бұл жолы болатын өзгеріс бірыңғай тестілеуді түбегейлі өзгертетін секілді. Өйткені білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов жақында баспасөзге берген бір сұхбатында ҰБТ-ны реформалаудың түрлі нұсқасы қарастырылып жатқандығын айтыпты. Сондай нұсқаның бірі ретінде ұлттық бірыңғай тестілеуді мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына қабылдайтын сынақ ретінде екіге бөлу талқыланып жатыр екен. Осы жайтқа орай Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың және № 173 физика-математика гимназиясының директоры Әбдімәжит Қоңырбайұлының пікірлері берілген.
***
«Қазақстанда бүкіл дүниені аяғынан тік тұрғызған доңыз тұмауы мен құс тұмауы дертіне қарсы қолданылатын дәрі ойлап табылды. Refluvac аталатын А(H1N1) тұмауына қарсы және Kfzfluvac аталатын А(H5N1) тұмауына қарсы вакциналарды ресми түрде қабылдайтын Санкт-Петербордағы тұмау орталығына жіберілді», деп жазады «Нұр Астана» басылымы. Бұл жайында газеттің бейсенблік санында жарық көрген «Тұмауға қарсы отандық вакцина табылды» деген мақалада егжей-тегжейлі жазылған. Басылымның жазуынша, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев отандық өнімнің шетелдік балама вакциналардан бағасы 40-50 пайызға төмен екендігін, ішкі нарыққа қажетті, экспорттауға бағытталған дәрі жасалғанын баяндаған.
«Қазақ Үкіметі қандастарына қырын қарай ма?». Осы тақырыппен «Нұр Астана» басылымында жарияланған мақаламен бейсенбілік нөмірден толық таныса аласыздар. Жарияланым «әлде, тіліміз жетім, өзіміз өгей болып жүру елде де, сыртта да қазақстандықтардың маңдайына жазылған ба? Тіліміздің (бүгінде бұл тіл тек қазақтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың тілі ғой) өркендеуіне атсалысайық, бұл әңгімелер сөз жүзінде қалмай өмірде іске асуы үшін бір кісідей еңбектену керек. Еліне жанашыр әрбір қазақстандық осы мақалада жазылған жайларға құлақ асар, деген ниеттеміз», деп қорытындыланған.
1997 жылы желтоқсанның 10-ында елдің Мемлекеттік туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты Қазақстанның жаңа астанасы Астана қаласына әкелінген болатын. Осы тарихи күнге орай «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Бұл - бір тарихи күн» деген тақырыппен мақала жарияланды.
Осы басылымның «Айналайын» атты балаларға арналған қосымшасында бірқатар қызықты әңгімелер берілген.
Ал «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала тұрғындарының сауалдарына тұщымды жауап берген.
«Кеше ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында депутаттар ҚР ҰҚК төрағалығына Әділ Шаяхметовтің тағайындалуына өз келісімдерін берді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Оның кандидатурасын Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин таныстырған.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасын тағайындау туралы мақалаларды «Известия», «Комсомольская правда», «Айқын» басылымдарынан да оқи аласыздар.
«Астанада қалалық тұрғын үй комиссиясы 2008-2010 жылдарға арналған ҚР Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасына қатысушылардың балдарын бекітті», деп жазады «Вечерняя Астана» газеті. Басылымның жазуынша, «мемлекеттік қызметшілер», «мемлекеттік мекеме», «мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері» және «жас отбасы» санаттары бойынша 2008-2010 жылдарға арналған ҚР Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде Астанадан тұрғын үй алуға үміткерлердің тізімі қалалық әкімдіктің www.astana.kz ресми сайтына орналастырылған.