Тәулік ішінде Астанадан 20 мың текше метрден астам қар шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 қарашада қала көшелерін жинауға 1 003 техника және 2 300 жол жұмыскері жұмылдырылды.
Қала әкімдігінің сайтының хабарлауынша, «Алматы» ауданында санитарлық тазарту жұмыстарына 333 техника, «Есіл» ауданында - 381, «Сарыарқа» ауданында - 298 техника тартылды. Соның ішінде, сыпыру-жинау машиналары, тротуар жинайтын машиналар, шынжыр табанды қар тиегіштер, самосвалдар және т.б. техника.
Қарашаның 13-і мен 21-і аралығында Алматы ауданынан 116 мың текше метрден астам қар шығарылды, «Есіл» ауданында да осы көлемде қар шығарылды, «Сарыарқа» ауданында 12 қарашадан бері 63 мың текше метрге жуық қар жиналды.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері елордада қар жауып, бұрқасын соғады, желдің екпіні күшейеді.
Ертең, 23 қарашада, елордада қар жауып, бұрқасын соғады, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -20...-22°С, күндіз -9...-11°С болады.
24 және 25 қарашада да күн суық болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы -10...-12°С, күндіз -7...-9°С болады.
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, Ақмола облысында дауылды ескерту жарияланды - ертең кей жерлерде қар жауып, бұрқасын болады, оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады.