Тәулік ішінде елордада 70-тен астам жол апаты болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәулік ішінде елордада 70-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір тәулікте қалада 76 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы орайда күн райының құбылмалылығына байланысты жүргізушілер жолдағы қозғалыста барынша сақ болғаны жөн. Көлікті басқару кезінде түрлі гаджеттерге және телефонға алаңдамай, жолдағы қауіпсіздік ережесін ұстану керек», - деп ескертті қалалық Полиция департаментінен.
Таратылған мәліметке қарағанда, кеше түскі уақытта «Астана-Қарағанды» жолы бойымен Армандастар көшесіне қарай бағытта бірнеше автокөлік соқтығысқан. Соның салдарынан «Volkswagen» маркалы көлігінің үш жолаушысы дене жарақаттарын алды. Дәрігерлер тексергеннен кейін, олар үйлеріне жіберілді. Осы жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүріп жатыр.
Сонымен қатар полицейлер жаяу жүргіншілер де жолдағы ережелерге мән беруі керектігін ескертті.