Тәулік ішінде Күнде 29 жарқыл тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Бір тәулікте Күнде 29 жарқыл тіркелді, бұл 2000 жылдан бергі ең жоғары күнделікті көрсеткіш, яғни 2022 жылдың мамырында және 2024 жылдың желтоқсанында орнатылған рекордпен тең. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты мәлімдеді.

За выходные на Солнце произошло свыше полусотни вспышек
Фото: spec.tass.ru

NOAA әлемдік каталогіне сәйкес, барлық 29 жарқыл бір тәулік ішінде болды. Бұған дейін тура осынша жарқыл 2022 жылдың 5 мамырында және 2024 жылдың 10 желтоқсанында байқалған. Дегенмен, Күнде 21 ғасырда жарқылдар саны 30-ға жеткен емес. 

— Бұл оқиғаның ерекшелігі сол, барлық жарқыл 4566 нөмірлі бір дақтар тобында болды. Қазіргі уақытта ол Күн дискісінің орталық бөлігінде орналасқан. Салыстыру үшін, 2022 жылдың мамыр айында жарқылдар екі Күн дақтары тобында, ал 2024 жылдың желтоқсанында бес дақтар тобында тіркелген болатын, — делінген есепте.

Бұлардың көпшілігінде C және M класына жататын жарқылдар басым болды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, салыстырмалы түрде қуаты аздау әрі жиі болатын жарқылдар ерекше қуатты жарылыстарға қажет энергияның жиналуына жеткілікті уақыт қалдырмауы мүмкін. Күн белсенділігінің бұл үлгісі Жерге жекелеген, өте қуатты жарқылдарға қарағанда азырақ қауіп төндіреді.

Рекордтық деңгейдегі осы жарқылдың барлығы 2020 жылы басталған Күн циклінде тіркеліп отыр. Бұған дейінгі екі циклде жекелеген жарқылдардың қуаты жоғары болды. 2020 жылдан бері Күнде X10 немесе одан жоғары класты бірде-бір жарқыл тіркелген жоқ. 

Күннің жарқылдары рентген сәулелерінің қуаты бойынша бес класқа жіктеледі: A, B, C, M және X. Олар Жерде энергетикалық жүйелердің жұмысына, құстар мен жануарлардың көші-қонына әсер ететін, сондай-ақ полярлық шұғылалардың бақылау аймағын кеңейтетін магниттік дауылдарды тудыруы мүмкін.

18 қаңтар кешінде тіркелген 2026 жылғы алғашқы қуатты күн жарқылы X1,9 деңгейіне жеткен болатын. 

Кеше Күннен бөлініп шыққан плазма ағынының Жерге жетуінен, ғаламшарда Kp5+ индексімен магниттік дауыл тіркелді.