Tax Free: туристерге қосымша құн салығын қайтару пилоттық жобасы 1 жылға ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің туризмді дамыту мақсатындағы «Tax Free» пилоттық жобасы тағы бір жылға созылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Covid-19 пандемиясына байланысты шектеулер мен оның отандық және әлемдік туризмнің дамуына теріс ықпалын ескере отырып, «Tax Free» пилоттық жобасының қолданылу мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін, яғни 1 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, пилоттық жобаны жүргізу географиясы Алматы, Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларына кеңейтіліп, стационарлық сауда объектілерінің саны ұлғайтылады», - деп мәлімдеді МКК баспасөз қызметінен.

Енді пилоттық жоба Алматыда 8, Нұр-Сұлтанда 4 және Түркістанда 1 ірі сауда орталығында іске асырылмақ.

Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық акт жобасы барлық қажетті рәсімдерден өтіп, әділет министрлігіне келісуге жолданған.

Айта кетейік, «Tax Free» аясында шет елдерден келген туриске сомасы 20 АЕК-іден кем болмайтын тауарды елімізде сатып алып, ЕАЭО аумағынан тыс жерге әкету кезінде ҚҚС сомасы өтеледі.

Бұл жүйе барлық дерлік дамыған елдерде енгізілген. Ол туризмді дамытып, жергілікті бизнесті қолдауға септігін тигізеді.

Пилоттық жоба елімізде 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін енгізілген болатын. Жоба басталғалы бері шетел азаматтарына 103 млн теңгеге сатып алынған тауарлар үшін 8,0 млн теңге көлемінде ҚҚС соммасы өтелді.


Соңғы жаңалықтар