Таяу 10 жылда елімізде 660 мың жаңа жұмыс орны құрылады - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу 10 жылда елімізде 660 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгін Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Таяу 10 жылда елімізде 660 мың жаңа жұмыс орны құрылады - Н.Назарбаев

«Бизнесті дамыту мүддесі үшін экономика мен еңбек қатынастары саласындағы ұлттық заңнама қайта түрленді. Фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарды қоса алғанда отандық ірі, орта және шағын бизнес үшін барынша жайлы шарттар мен ынталандыру тетіктері құрылды. Бүкіл елде жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындары пайда болуда. Таяу 10 жылда 660 мың, оның ішінде қайта өңдеу мен инновациялық секторларда 70 мың жаңа жұмыс орындары құрылады», - деді ҚР Президенті.

Елбасының атап өтуінше, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялық серпін берілді. Еліміз бизнес жүргізу жеңілдігі индексінде әлемнің 189 елі арасында 41-ші, ал еңбек нарығының тиімділігі бойынша 140 елдің арасында 18-ші орында тұр.

«Елімізде жүргізіліп жатқан заңдастыру аясында толықтай алғанда 74,4 мың нысан мен 576 млрд. теңгенің құнды қағаздары, сонымен бірге 334 млрд. теңге қаржы жекешелендірілді», - деді Н.Назарбаев.