Таяу 3 жылдың ішінде елімізде 200 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылады
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Таяу 3 жылдың ішінде елімізде 200 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айтты.
«Менің тапсырмам бойынша Үкімет үдемелі индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасын және елді индустрияландырудың детальді картасын әзірледі. Мен бұл туралы өткен жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан болатынмын. Бұл екі құжат таяу 5 жылда қайда, қай жерде, не салатынымыздың толық жоспары», деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, бүгінгі күні жалпы инвестиция көлемі 6,5 триллион теңгені құрайтын 162 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайыздан астамын құрайды. Аталған жобаларды іске асыру таяу 3 жылдың ішінде елімізде 200 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«5 жылдың ішінде қуатты газ-химиялық кешен, минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыттар, Балқаш ЖЭС, Мойнақ СЭС, Екібастұз ГРЭС-2 жаңа блогы сияқты бірқатар ірі электр стансылары сияқты ауқымды жобалар жүзеге асатын болады», деді ҚР Президенті Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында.