Таяу екі айда АИ-92 бензині тапшылығы болмайды - ҚР Энергетика министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу екі айда Қазақстанда АИ-92 бензиніне қатысты ешқандай мәселе болмайды. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлімдеді.

Таяу екі айда АИ-92 бензині тапшылығы болмайды - ҚР Энергетика министрі

«Еліміз дизель отынымен өзін 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Біз бұл ретте қандай да бір мемлекеттік реттеу қажет деп есептемейміз. Ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды әлеуметтік жеткізілімге қатысты айтарым, ол қазіргі уақытта жеңілдікті бағамен облыс әкімдіктерінің көлемдеріне сәйкес толық өндірілуде және ешқандай проблема жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар  министр күзде де дәл осындай жағдай жалғасатынын, өйткені, ауыл шаруашылығы үшін жанармайды басымдықпен жеткізу заңнамалық нормалармен бекітілгенін баса айтты.

«Таяу екі айда АИ-92 бензиніне қатысты ешқандай проблема көріп отырғаным жоқ. Өйткені, елімізде өндірілген бензиннің жеткілікті қоры бар», - деді Қ.Бозымбаев.