Таяу Шығыс: «Аш-Шифа» ауруханасынан 31 нәресте эвакуацияланды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бастаған БҰҰ-ның гуманитарлық жағдайды бағалау жөніндегі бірлескен тобы Газаның солтүстігіндегі «Аш-Шифа» ауруханасына барды, деп хабарлайды Kazinform BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Бұдан соң палестиналық Қызыл Жарты Ай ұйымының жедел жәрдем бригадасы БҰҰ мен ДДСҰ үйлестірумен Газадағы «Аш-Шифа» ауруханасынан шала туған 31 нәрестені эвакуациялады.
Қауіпсіздікке байланысты берілген шектеулі уақытта команда аурухана ішінде 1 сағат уақыт қана бола алды. Команда мүшелері бұл уақытты «ажал аумағы» ал ондағы жағдайды «жанталас» деп атады.
Мәлімдемеде топ өкілдері аурухананың атқыланғанын, кіріберістегі 80-нен астам адам жерленген моланы көргенін жеткізген.
Кейінгі 6 аптада таза су, отын, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік сияқты өзге де бірінші кезекте керек заттардың жетіспеуі салдарынан, кезінде Газа секторындағы ең ірі, ең заманауи, ең жақсы жабдықталған «Аш-Шифа» ауруханасы медициналық мекеме ретінде қызметін тоқтатты, делінген ДДСҰ мәлімдемесінде.
Ауруханаға барған топ өкілдері қауіпсіздікпен байланысты жағдайдың салдарынан медицина мамандары ауруханадағы қалдықтарды тиімді жоя алмағанын айтады. Соның салдарынан аурухананың дәлізі мен аумағы медициналық және қатты қалдықтарға сондай-ақ өзге де қоқысқа толған. Бұл өз кезегінде ауру жұқтыру қаупін арттырып отыр.
Халықаралық ұйымнан келген топ өкілдері тілдескен медициналық персоналдар мен пациенттер өз өмірі мен денсаулығы үшін қорқатынын айтып, эвакуациялауды сұрады, делінген ДДСҰ сайтындағы мәлімдемеде.
Онда сонымен қатар ауруханада 25 медицина маманы мен 291 пациент қалғаны айтылған. Ең сорақысы кейінгі 2-3 күнде бірнеше пациент медициналық көмек көрсету жұмыстары тоқтатылған соң көз жұмған.
Пациенттердің арасында денсаулық жағдайы өте нашар 32 нәресте бар, желдету жүйесі жоқ интенсивті терапия бөлімінде 2 адам жатыр, 22 адам диализде жатыр, олардың өмірі үшін маңызды болып табылатын емдеуге мүмкіндік жоқ.
Кейінірек палестинаның Қызыл Жарты Ай ұйымы қоғамы 31 шала туған нәрестенің «Аш-Шифа» ауруханасынан сәтті эвакуацияланғанын жеткізді.