Таяу Шығыстағы ахуал Қазақстандағы әуе билеттерінің бағасына әсер ете ме

АСТАНА. KAZINFORM — Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу тізбегіндегі іркілістер аясында Еуропа мен Азияның бірқатар әуе компаниясы авиаотын бағасының қымбаттауы мен оның тапшылығы қаупіне байланысты рейстер санын қысқарта бастады. 

Из чего складывается цена на авиабилеты в Казахстане
Коллаж: Kazinform/ pexels/ freepik

Kazinform тілшісі бұл жағдайдың отандық әуе тасымалдаушыларына қалай әсер еткенін анықтады. Нақты жауап алу үшін редакция Энергетика және Көлік министрліктеріне сауал жолдады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, маусым айының басындағы жағдай бойынша еліміздегі авиациялық отын қоры шамамен 150 мың тоннаны құрайды.

— Қолда бар авиаотын қоры ішкі нарықтың 1–1,5 айлық қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Бұл ретте қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары авиаотын өндіруді және қорды толықтыруды үздіксіз жалғастырып отыр. Дегенмен бұл мерзім сұраныс пен ұсынысқа байланысты аздап өзгеруі мүмкін. Мысалы, жазғы туристік маусымда сұраныс артады, — деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар министрлік Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайдың қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына және авиаотын өндірісіне әсер етпейтінін атап өтті.

Өз кезегінде Азаматтық авиация комитеті де әуе компаниялары отынды қалыпты режимде алып жатқанын мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компанияларының рейстеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін алғышарттар байқалмайды. Ішкі және халықаралық рейстер қолданыстағы кестеге сәйкес орындалып жатыр. Авиаотынмен қамтамасыз етуге байланысты ұшу бағдарламаларын өзгертуге негіз жоқ, — делінген комитет жауабында.

Комитет әлемдік энергия тасымалдаушылар мен мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастырып отыр. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен нарық қатысушылары азаматтық авиацияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдайды.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта әуе билеттерінің бағасына айтарлықтай ықпал ететін факторлар байқалмай отыр.

— Әуе билеттерінің құны әуе компаниялардың пайдалану шығындары, қызмет көрсету бағасы, нарықтағы жағдай және басқа да экономикалық көрсеткіштер секілді көптеген факторлардың ықпалымен қалыптасады. Қазіргі уақытта ұшуларды орындау және саланы авиаотынмен қамтамасыз ету қалыпты режимде жүргізіліп жатыр, — деп түйіндеді ведомство.

Еске салайық, Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы салдарынан Ормуз бұғазының жұмысында іркілістер туындап, әлемдегі теңіз арқылы жеткізілетін авиаотынның шамамен 21%-ына әсер етті.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына төнген қауіпке байланысты Азия-Тынық мұхиты өңірінен тәулігіне кемінде 400 мың баррель авиаотын жеткізу тәуекел аймағында тұр.

Ryanair лоукостері жазғы кезеңде отын қорының 10–20%-ын жоғалту тасымалдаушыларды рейстерді тоқтатуға және тасымалдау көлемін қысқартуға мәжбүр етуі мүмкін екенін ескерткен болатын.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты туындаған энергетикалық дағдарыс аясында Lufthansa әуе компаниясы 2026 жылдың маусым-қазан айлары аралығында шамамен 20 мың рейсті тоқтатуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді.