Таяу Шығыстағы жағдай қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін таңертең Израиль мен Америка Құрама Штаттары Иранға соққы жасай бастады. Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына және көршілес араб елдеріне зымыранмен шабуыл жасады.

Таяу Шығыстағы жағдай туралы осы уақыттағы мәлімет
Фото: IRNA

28 ақпан күні таңертең Израиль «Арыстанның айбаты» операциясы аясында Тегеранға «алдын ала соққы» жасады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, соққылардың негізгі нысанасы жоғары лауазымды ирандық шенеуніктер болуы мүмкін.

Президент Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Иран аумағында елдің зымыран арсеналын жою және америкалық азаматтарды қорғау мақсатында «ауқымды әскери операция» бастағанын растады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху операция Иран тарапынан төнген «экзистенциялық қауіптің» алдын алуға және ядролық қару жасауға жол бермеуге бағытталғанын мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Иран Израильге қарсы «ауқымды зымыран және ұшқышсыз аппараттар шабуылының бірінші толқыны» басталғанын жариялады. Тель-Авивте және елдің орталық бөлігіндегі басқа қалаларда әуе дабылы қайта қосылды. Израильдің орталығына бағытталған зымырандардың бірі әуе қорғаныс құралдарымен атып түсірілді.

Иранның жоғары лауазымды шенеунігі «Әл-Жазира» телеарнасына берген пікірінде Таяу Шығыстағы барлық америкалық және израильдік нысан мен мүдделер «заңды нысанаға» айналғанын айтты.

Күні бойы Катарда, Кувейтте, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде және Сауд Арабиясында жарылыстар болғаны хабарланды. Әбу-Дабиде кемінде бір адам қаза тапты. Катар Қорғаныс министрлігі әуе қорғаныс жүйесі арқылы ирандық зымыранның атып түсірілгенін мәлімдеді.

Иракта әскери базаға шабуыл жасалды. Екі адамның қаза тапқаны және үш адамның жараланғаны расталды.

Бірқатар елдің билігі азаматтарды жасырынуға және әскери нысандардан алыс болуға шақырды.

Пентагон Иранға жасалған соққылар «Эпикалық қаһар» операциясы деп аталғанын хабарлады.

Reuters мәліметінше, Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы бірнеше күнге созылатын шабуылдар жоспарлап отыр.

Израиль армиясы Иранмен қақтығыс аясында күштерді ауқымды түрде арттырғанын жариялап, қосымша 20 мың резервисті шақырды.

Иранның Ирна агенттігі Иран президенті Масуд Пезешкианның зардап шекпегенін хабарлады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ирандағы зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Қазіргі уақытта Иран аумағында Қазақстан Республикасының 96 азаматы бар. Қазақстанның шетелдік мекемелерінің шұғыл байланыс және жедел желі нөмірлері жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Гизат Нұрдәулетовке күштік ведомстволар мен тиісті министрліктер басшыларымен бірлесіп, Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуын және еліміздегі тұрақтылыққа төнуі мүмкін қауіп белгілерін ескере отырып, шұғыл шаралар қабылдау жоспарын ұсынуды тапсырды.

Барлық күштік ведомство тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен арнайы мониторингтік топ жұмысын бастады. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыстағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тиісті шараларды қарастыру тапсырылды.