Таяу Шығыстағы жағдай: таңғы ахуал
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль мен АҚШ Иран аумағына соққы жасағаннан кейін, Тегеран Израильге және бірқатар көршілес елдерге зымыран шабуылдарымен жауап берді. Өткен түнде Таяу Шығыста қандай өзгерістер болғаны туралы таңертеңгі мәліметтерді Kazinform агенттігінің шолу материалынан біле аласыз.
28 ақпан күні кешке АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған соққыларынан кейін Иранның жоғарғы көшбасшысының жағдайына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында өзара қарама-қайшы ақпараттар тарады. Кей деректерде аятолла Али Хаменеи резиденциясының соққылар салдарынан елеулі зақымданғаны туралы айтылды.
Тегеран тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Бірқатар халықаралық БАҚ Иранның жоғарғы көшбасшысы қаза тапқаны жөнінде ақпарат таратқан болатын.
Кейін бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп ресми түрде мәлімдеді.
Таңертеңге қарай Иранның мемлекеттік БАҚ-ы аятолла Али Хаменеидің қаза тапқаны туралы ақпаратты растады. Мәліметке сәйкес, елдің жоғарғы көшбасшысы сенбі күні таңертең жасалған шабуыл салдарынан көз жұмған.
Иран үкіметі аятолланың қайтыс болуына байланысты елде 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, жеті күнді мемлекеттік демалыс күні деп белгіледі.
Ирандық дереккөздердің мәліметінше, соққылар салдарынан ел аумағында 200-ден астам адам қаза тапқан. 700-ден астамы жарақат алған. Шабуылдар Иранның 14 провинциясын қамтыды.
Бұдан бөлек, соққылар Дубай халықаралық әуежайы аумағына да тигені хабарланды.
Радиоактивтік жағдайға қатысты, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің мәліметіне сәйкес, Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған әскери операциясы қазірге дейін Таяу Шығыстағы радиациялық фонға әсер етпеген.
Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтары үшін ҚР Елшілігі шұғыл байланыс тәртібі мен елден шығу мүмкіндіктерін түсіндірді.
Қақтығыстың шиеленісуін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және БҰҰ органдарының басшылары қатаң сынға алды. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған ауқымды авиациялық соққыларына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Бас хатшы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке салмақты қауіп төніп тұрғанын ескертті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына жеке хаттар жолдап, аталған елдердің халқына осы ауыр сынақтар кезеңінде шынайы қолдау мен бірлігін білдірді. Ол Қазақстан үшін бауырластық және достық қарым-қатынастағы мемлекеттердің егемендігіне нұқсан келтіретін барлық әскери әрекеттерді қатаң айыптады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық дауларды тек дипломатиялық жолмен шешуді ұстанатынын және бауырлас араб мемлекеттеріне мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.