22:09, 21 Наурыз 2014 | GMT +5
Таяу Шығыста сусамырға шалдыққандардың қарасы 60 млн адамға жетуі ықтимал
АСТАНА ҚазАқпарат - Сусамырмен ауыратындар әлем бойынша Парсы шығанағы елдерінде көп тіркелген. Бұл жергілікті халықтың салауатты өмір салтына мән бермеуінен әрі шектен тыс тоя тамақтануынан туындап отыр, деп жазады www.muslim.kz сайты.
«Сұрап алған аурудың емі жоқ» деп атамыз қазақ бекер айтты дейсіз бе? Сусамыр да емі жоқ аурулардың бірі екенін жақсы білесіздер. Парсы шығанағы елдерінің осынау сырқат түрінің таралуы жағынан әлемнің алдыңғы ондығына кіріп отырғанын мәлімдеді Парсы шығанағы елдері университетінің медицина факультетінің жанындағы отбасылық медицина бөлімінің меңгерушісі Фейсал Аблу Ләтіп ан-Насер.
Оның сөзіне қарағанда, Парсы шығанағы елдеріндегі сусамырмен сырқаттанғандардың саны 15-20 пайыздың аралығында. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе түспесе, кемімейді. Жуырда Дубайда өткен отбасы дәрігерлерінің халықаралық конференциясында келтірілген мәліметке қарағанда 2030 жылға қарай Таяу Шығыстағы сусамырмен ауыратындардың қарасы 60 млн адамға жетуі мүмкін.