Таяу үш жылдың ішінде 1,3 мың шақырым теміржол салынады - Смайылов
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таяу үш жылдың ішінде 1,3 мың шақырым теміржол салынады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанды «транзиттік хаб» ретінде қалыптастыру жұмысы басымдық саналады. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл тақырып барынша өзекті бола түсуде. Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліздермен ықпалдастыру өңірдегі негізгі көлік хабы ретіндегі позициямызды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі негізгі бағдар саналады», - деді Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Үкімет басшысы Ақтау мен Құрық теңіз порттарын кешенді дамыту жұмыстарын жеделдету қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында көлік-логистикалық хаб құру жұмыстарын жандандыру керектігіне назар аудартты.
«Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін одан ары дамыту үшін ҚТЖ-ны ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау жұмыстарын сапалы жүргізу қажет. Мұны айттық. Бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек. Өткен жылдың қарашасында «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталды. 2026 жылға дейін «Алматы стансасының айналма жолы», «Дарбаза-Мақтаарал», «Бақты-Аягөз» жобаларын аяқтау жоспарланған. Таяу үш жылдың ішінде 1,3 мың шақырым теміржол салынады. Осы негізгі инфрақұрылымды теміржол жобаларын жүзеге асыруды жеделдету қажет», - деді Әлихан Смайылов.