Таяу жылдарда елордада су тапшылығы болуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Келер жылы астанада сорғы-сүзу станциясы іске қосылады. Бұл туралы елорда кәсіпкерлерімен кездескен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қала басшысының сөзінше, жазда бау-бақшаларды суару салдарынан жеке секторлар мен кейбір көпқабатты үйлердегі су қысымы төмендеп кетеді. Сонымен қатар, Алтай Көлгінов су тапшылығы мәселесі де өзекті екенін жеткізді.

«Егер біз жаңа сорғы-сүзу станциясын салмасақ, онда болшақта су тапшылығы болады. Сондықтан қазіргі уақытта елордада үшінші станция салынып жатыр. Бүгінде бізде екі сорғы-сүзу станциясы бар. Құрылысы жүріп жатқан үшіншісі 2023 жылы іске қосылады. Ол бірден толық қуатында жұмыс істемейді. Алғашқы кезеңде тек 30 мың текше метр суды соруға, оны сүзгіден өткізуге қауқарлы болады. Ал жалпы толық қуаты – 105 мың текше метр. Жазда жеке секторларда су қысымы неге төмендейді? Себебі жер үйлер бау-бақша суаруды бастайды. Салдарынан кейбір көпқабатты үйлерде су қысымы төмендейді. Біз бұл мәселені станция іске қосылғанда шешеміз», - деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, болашақта осындай тағы бір станция салу қажет. Бұдан басқа, қала ішіндегі инженерлік желілерді тарту жұмыстары бойынша туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Алтай Көлгінов елордада баспана салу қарқынын төмендетуді ұсынғанын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар