Таяуда табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған ведомство құрылады

мчс
Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мәселелерімен айналысатын арнайы ведомство құрылуы мүмкін.

«Мемлекет басшысының ТЖМ өкілеттіктерін беруге қатысты тапсырмасына сәйкес, орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты бақылауды жүзеге асыру бөлігінде табиғи әрі техногендік апаттардың алдын алу мәселелері бойынша бақылау функциялары бар жеке ведомство құрылады. Қазір «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесін құруды көздейтін «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленді», - делінген ТЖМ баспасөз қызметінің Kazinform агенттігіне берген мәліметінде.

Бұл тұрғыда, «Құқықтық актілер туралы» Заңның 18-бабына сәйкес, осы қаулы жобасы жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылды.

«Қаулы жобасы биылдың 24 мамырына дейін талқыланады. Жобаны іске асыру - құрылған ведомствоға орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерінде бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев Jibek Joly телеарнасына сұхбат беріп, оның барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мәселелерімен айналысатын арнайы ведомство құрылғаны өте маңызды екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар