Таяуда техникалық тексеру талонынан, «сақтандыру» мен салықты төлеу туралы түбіртекті талап етуден бас тартамыз - ҚР Көлік және коммуникация министрі
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Мен техникалық тексеру туралы жазба қалдырған уақыттан бері шамамен бір ай өтті. Осы уақыт аралығында біз көптеген жұмыстар атқардық, әрі сіздерге айтар тағы да жаңалығымыз бар, деп жазады ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев.
«Жағымды жаңалықтан бастайын. Оның бірі - техникалық тексеруден өту барысында «сақтандыруды» ұсыну қажеттігін алып тастау. Бұл құжатты техникалық тексеру орталықтары автомобиль иеленушілерден талап етпеуі үшін біз бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгіздік. Сонымен қатар техникалық тексеруден өту барысында салықтың төленгені туралы түбіртекті беру талабын алып тастауды жоспарлаудамыз.
Бұдан бөлек заңнамаға бұл өзгерістерді енгізу тізбеге техникалық тексеру орталықтарын қосу үшін құжаттарды қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Егерде бұл процедура 15 күнді алса, ендігі уақытта тек 5 күн кетеді. Бұған қоса техникалық тексеру орталықтарын ашу үшін қажетті құжаттар тізбесін қасқарттық. Осы шаралардың арқасында халықты аталған қызметтермен қамту ұлғайтылды, бүгінде елімізде техникалық тексерудің 391 желісі бар. Ауылдық жерлерде техникалық қызмет көрсету орталықтарын арттыру үшін біз заңнамаға тағы бір өзгеріс енгіздік. Ендігі уақытта ауылда орталық ашу үшін техникалық тексерудің бір желісін алса жеткілікті.
Таяу аралықта біз талоннан бас тартуды жоспарлаудамыз. Заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ақпараттық жүйе іске қосылғаннан кейін техникалық тексеруден өткендігін қағаз жүзінде дәлелдеу алынып тасталады. Жол полициясы қызметкерлері бұл мәліметтерді электрондық базадан онлайн-режімде алып отыратын болады. Айта кетерлігі, автомобиль иелерінің жалған талон сатып алғандығын анықтауға болады.
Өкінішке орай, бірқатар техникалық тексеру орталықтары біздің әділ жұмыс істеуге шақыруымызды елер емес. Сондықтан да біз сөзден іске көшуге мәжбүрміз. Машинаны тексеруден өткізбей талон берген 2 техникалық тексеру орталығына айыппұл салдық. Егерде бұл іске қайтадан бастары шатылатын боллса, онда тізбеден алып тастаймыз. Ескерте кетейін, Ақтөбеде бір техникалық тексеру орталығы қазірдің өзінде тізбеден алынып тасталды», - деп жазды миинстрі.