Тайыз және жыра: Ақтөбеде жағажайлардың көбі шомылу маусымына дайын емес

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сүңгуірлер су айдындарын тексеріп, тек 13-іне рұқсат берді. Ал 52 жағажайда құтқару құралдары түгел емес әрі көктемде су жүргенде көп жер бүлінген.

Павлодарлық құтқарушылар бұдан былай жағажайдағы қауіпсіздікті дронмен бақылайды
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Ақтөбе облыстық ТЖД шомылу маусымына дайындық жайын пысықтады. Биыл барлығы 73 жағажайды ұйымдастыруға өтініш берілген. Ереже бойынша бұл аумақтың бәрін алдымен сүңгуірлер тексеріп шығуы тиіс. Нәтижесінде тек 13-і талапқа сай болып шықты. Оның 8-і коммуналдық меншіктегі жағажай.

- Облыста 23 жағажайға рұқсат берілмеді. Мұнда құтқару құралдары жеткіліксіз. Төтенше жағдайлар қызметі 30-мамырға дейін тағы тексеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етсе келісім береді. Сонымен бірге өтініш білдірген 29 жағажайда жағдай мүлде өзгеше. Мұнда суға түсуге болмайды. Өйткені су тайыз, табаны балшық, кейбірінде бірден жыра, тереңдігі 3 метрден асады,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов.

Ақтөбеде екі күн бойы 72 жасақшы-құтқарушы оқытылады. Кейін олар жағажайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

- Облыс аумағында өзен бойындағы тыйым салу белгілерін түгендеу жұмысы жүргізілді. Шомылуға қауіпті 228 суға орында 307 белгі орнатылған. Кейде адамдар дәл осы белгілерді сындырып, бүлдіріп кетеді. Бұл дұрыс емес. Белгі адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы аумағындағы өзен бойында 11 камера қосулы тұр. Қосымша 35 орынға камера орнату жұмысы қолға алынды,- деді Иса Байтұрсынов.

Ақтөбеде биыл мектеп жанындағы 401 лагерь балаларды түстен кейін қабылдайды. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, былтыр осы арқылы балалардың суға кету дерегі 33% азайды. Шомылу маусымында күн сайын 370-ке жуық адам рейд жүргізеді. Олардың арасында төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әскерилер мен еріктілер, жергілікті атқарушы орган өкілдері бар. Әрқайсысы өз барар жерін біледі. Сонымен бірге дыбысты ескерту беретін төрт дрон қолданылады.

Еске салсақ, Шымкентте шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталды. Алдағы уақытта олардың саны 31-ге дейін көбейтілмек.