Тайқазанның 300 келіге жуықтайтын көшірмесі жасалды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тайқазанның Түркістан қаласына қайта әкелген күніне орай «Береке, бірліктің символы - Тайқазан» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне сілтеме жасап.
None
None

«Бүгін қасиетті Тайқазанның араға 54 жыл салып елге оралғанына - 31 жыл. Киелі Тайқазан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1989 жылы 18 қыркүйек күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеткізіліп, тарихи күннің біріне айналды. Көрменің мақсаты - киелі Тайқазанның жасалу, тарихи орнына оралу және жасаған ұстаның есімі мен жасалған орнының тарихымен таныстыру, төл тарихымызды насихаттау болып табылады. Биылғы шараның ерекшелігі Тайқазан көшірмесін жасап жүрген танымал қолөнер шеберлерінің де жұмыстары таныстырылуда»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Кесенеге келушілерді көрме жәдігерлері арасындағы ағаштан жасалған алып Тайқазан ерекше қызықтырды. Тайқазан көшірмесінің авторлары - Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздары Қыдырғали Агибаев, Пердехан Тансихов және Болат Серікбеков.

«Тайқазан жеті түрлі металдан жасалғаны белгілі. Біз де соған негіздеп жеті түрлі ағашты қолдандық. Яғни, өз елімізбен қатар, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды жеті елдің сапалы ағаштарынан жасалған. Негізгі нұсқасына лажы барынша келтіруге тырыстық. Көшірмені жасап шығуға бір жарым жылдай уақыт жұмсалды. Салмағы 300 келіге жуықтайды. Түпнұсқа Тайқазанның ою-өрнектері мен өзге де элементтерін дәл түсіріп, жазуларынан қателік жібермеу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгіндік. Тайқазанды жасауға Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының үш ұстазы оқушыларға ағаш жону, кесу, желімдеу сынды жұмыстарды үйрете отырып жасадық. Шәкірттеріміз үшін бұл жұмыс ең ерекше тәжірибе болды деп ойлаймыз»,- деді ағаш шебері Қыдырғали Агибаев.


Соңғы жаңалықтар