Тайланд қазақстандықтарға тегін виза беру мерзімін тағы да ұзартты
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның Бангкоктегі дипломатиялық миссиясының мәліметтері бойынша, Тайланд Корольдігінің Министрлер кабинеті наурыздың 2-сінен бастап, туристік қатынастарды реттейтін құжаттың мерзімін ұзартты.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш құжаттың мерзімі биылғы жылдың наурыз айының 4-інде аяқталған. Ал жаңа құжат талаптары биылғы жылдың сәуір айының 1-інен басталып, алдағы жылдың наурыз айының 31-іне дейін жалғасады. «Яғни, қазақстандық туристер биылғы жылдың наурыз айының 5-інен сәуір айының 31-не дейін Тайланд еліне барғаны үшін 1 мың бат көлемінде визалық салық төлейтін болады. Ал ағымдағы жылдың сәуір айының 1-інен бастап, Тайланд визалары толықтай тегін болады», деді ресми өкіл.