Тайланд королі ІХ Раманы жерлеу рәсімі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайландты 70 жыл басқарған король Пумипон Адульядетті (ІХ Рама) жерлеу рәсімі бес күн жалғасады. 

Тайланд королі ІХ Раманы жерлеу рәсімі басталды

Елдің жетекші телеарналарында жерлеу рәсімінен тікелей трансляциялар жүргізіледі, деп хабарлайды ТАСС.

Үлкен король сарайының патша табыты жатқан тақ залында монахтар корольдің жалғыз ұлы Х Рама және король отбасы мүшелерінің қатысуымен дұға оқыды. Артынша, жергілікті дәстүрге орай Х Рама қызметшілерге монахтардың киімін садақа етті. Осы шара ІХ Раманы жерлеу рәсімінің басы болды. Рәсім 29 қазан күні аяқталады.

26 қазан күні кешкісін патшаның сүйегі күйдіріледі. Кремацияға қатысу үшін бүгін Бангкокқа әлемнің көптеген елдерінен мәртебелі қонақтар келіп жатыр. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, өмірден озған Тайланд короліне құрмет көрсету үшін 40-тан астам елдің өкілдері келеді.