Тайландта парламент сайлауында оппозициялық партия жеңіске жетіп, сенсация жасады

БАНГКОК. ҚазАқпарат – Тайландта болған парламент сайлауында ел институттарының түбегейлі өзгеруін қалайтын «Алға қозғаламыз» оппозициялық партиясы жеңіске жетіп, сенсация жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

Тайландта парламент сайлауында оппозициялық партия жеңіске жетіп, сенсация жасады

Сайлаудың алғашқы нәтижелері бойынша «Алға қозғаламыз» партиясы болжамның бәрінен асып түсіп, Тайланд парламентінің төменгі палатасындағы 500 орынның 151-не ие болды. Бұл бұрынғы премьер-министр Таксин Чинаватраның қызы басқаратын Pheu Thai партиясынан 10 орынға көп.

BBC News ақпараты бойынша, басқарушы одақ орынның тек 15%-ын иеленген. Тайланд әлеуметтік желілері партияның жеңісін «өзгерістер кезеңі», «жаңа дәуірдің бастауы» деп сипаттап жатыр. «Алға қозғаламыз» партиясының 42 жастағы көшбасшысы, Гарвард университетінің түлегі Пита Лимджароенрат Twitter-де елдің 30-шы премьер-министрі болуға «дайын» екенін жазды.

«Біздің арманымыз бен үмітіміз бір. Біздің Тайландымыз бұдан да жақсы болатынына сенеміз. Егер бүгін жұмыс істесек бәрін өзгертуге болады», - деп жазды ол.

14 мамырда өткен парламент сайлауында 38,5 млн адам дауыс берген.