Тайландта ұсталған бортында қару-жарақ тиелген ұшақ Грузия әуе компаниясына тиесілі болып шықты
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Тайландта ұсталған бортында қару-жарақ тиелген ұшақ Грузия әуе компаниясына тиесілі болып шықты. Бұл туралы бүгін журналистерге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Р. Әдимолданың атап көрсеткеніндей, Банкокта ұсталған ұшақта Л-4 жазуы болған. Бұл оның Грузия әуежелілерінің қарамағына жататындығын көрсетеді. Белгілі болған ақпаратқа сәйкес, ұшақ Грузияның «Эйр вест Джорджия» компаниясының меншігі. Биыл қазан айының 7-сі күні Қазақстанның «Бейбарыс» әуе компаниясынан сатып алынған. Қару-жарақ ұшаққа мұнай-газ өндіруге керекті құрал-жабдықтар ретінде көрсетіліп тиелген.
Ұшақтың басқаруында болған 5 экипаждың 4-уі «Иствинг» әуе компаниясында қызмет істейтін Қазақстан азаматтары. Біреуі Беларус елінің азаматы екендігі белгілі болды. Қазақстандықтарды «Иствинг» төлемақысыз еңбек демалысына шығарған және олардың Грузияның әуе компаниясында жұмыс атқаруының қалай болғаны белгісіз. Дегенмен, оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде ұшқыштардың бірнеше компаниялардың қарамағында қызмет істеуі бар және ол орынды.
«Қазақстандық ұшқыштар ұшақтың ішіндегі жүктің қару-жарақ екендігін білмеген де болар деп санаймын. Себебі, олар жүкке емес, құжатқа қарап тексереді. Олардың Тайланд мемлекетінен шығарылуына біз барлық мүмкіндіктер мен қолдан келгенімізді істейміз», деп атап көрсетті Р. Әдимолда.