Тайландтағы қазақстандықтың қаза табуының себебі анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайланд полициясының мәлімдемесіне сәйкес, қазақстандық Темірәлі Рысқұлов жазатайым оқиғадан мерт болған. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полиция дерегіне сәйкес, Тайландта бесінші қабаттан құлаған қазақстандық Темірәлі Рысқұлов жазатайым оқиғадан көз жұмған. Полиция өз-өзін қол жұмсау нұсқасын да қарастырған еді, алайда марқұмның туыстарының айтуынша, өзін-өзі өлтіруге еш негіз болмаған. Ер адамның мәйітін бейсенбі күні Қазақстанға жеткізеді. Тасымалдау шығынын Рысқұловтың туыстары төледі», - деді Жайнақов.
Еске сала кетсек, 14 желтоқсан күні Пхукет қонақ үйінің 5-қабатынан секіріп кеткен қазақстандық турист Патонга госпиталінде көз жұмды. Ол 5 желтоқсан күні Тайландқа турист ретінде жалғыз өзі келген.