Тайландтағы Парламент сайлауы: Оппозицияның жеңісі туризм саласына қалай әсер етеді
БАНГКОК. ҚазАқпарат – Апта бұрын Тайландта Парламент сайлауы өтіп, оппозиция жеңіске жетті. Бұл сайлау қазақстандық туристер үшін ең тартымды елдің бірі саналатын Оңтүстік-Шығыс Азиядағы елдің өміріне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? ҚазАқпараттың меншікті тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрді.
Қос бірдей оппозициялық партияның жеңісі
14 мамырда Тайландта Өкілдер палатасының сайлауы өтті. Саяси науқанда оппозициялық партиялар баршаны таңғалдырып, жеңіске жетті. Бұл партиялардың ұраны елге саяси өзгерістер әкелу керек деген ұран тастаған болатын.
Тайланд корольдігінде 60 миллионнан астам халық бар десек, соның 52 миллионы дауыс беру құқығына ие. Мұндағы заң шығарушы орган да екі палатадан тұрады. Жоғарғы палатасы Сенат деп аталса, төменгі палатасы – Өкілдер палатасы. Сенат құрамында 250 мүше болса, Өкілдер палатасында 500 депутат жұмыс істейді.

Сайлаушылардың 99 пайызын дауысын жинаған қос оппозициялық партияның бірі «Алға қозғалыс» деп аталса, екіншісі – «Пхеу Тай». Шетелдік БАҚ «Алға қозғалыс» партиясы Өкілдер палатасындағы 500 орынның 151-ін, ал «Пхеу Тай» партиясы 141 орын иеленетінін жазып жатыр.
Бұл екі партия да саяси декларацияларында қазір елді басқарып отырған режимнің армия басшыларымен байланысы бар екенін айтып, жұмысын сынаған болатын.
Таиланд корольдігі 1932 жылдан бері конституциялық монархия формасындағы мемлекет болып есептеледі. Сол кезеңнен бері елде он тоғыз рет төңкеріс болған. Оның ең ақырғысы 2014 жылы болған еді. Бұл кезде Йинглак Чинава басқарған үкімет биліктен тайдырылған. Сол бір қилы кезеңде құрлықтағы күштердің қолбасшысы Прают Чан-Оча әскерилер «елде бейбітшілік пен байсалдылық орнату үшін» ел тізгінін қолдарына алғанын мәлімдеген болатын. Жаңа режим елдің саяси құрылымын, экономикасы мен қоғамды реформалайтынын айтқан...

Алайда қазір премьер-министр лауазымындағы Прают Чан-Очаның партиясы бұл жолғы сайлауда аз дауыс жинап отыр. Сарапшылар елді тоғыз жыл билеген премьер-министрдің беделі күн сайын төмендеп келе жатқанын айтады. Ал жуықта өткен қоғамдық сауалнамалар тай халқының көбі оның билік басынан кеткенін қалайтынын көрскеткен.
Премьер-министр лауазымынан кім үмітті
Бұл мәселеде «Алға қозғалыс» партиясының серкесі Гарварда Пита Лимджароенраттың бағы басым түсетін түрі бар. 42 жастағы саясаткер өз саясатын әлеуметтік желіде наисхаттау арқылы жастардың қолдауына ие болып отыр.
«Біз сүйікті Тайландымыз жақсы жағына өзгере алатынына сенеміз. Бүгінннен бастап кетсек оң өзгерістер әкелуге болады. Біздің армандарымыз да, үмітіміз де қарапайым әрі түсінікті. Сіздер қолдасаңыздар да, қолдамасаңыздар да сіздердің прмьер-министрлеріңіз боламын. Маған дауыс берсеңіздер де, бермесеңіздер де сіздерге қызмет ете беремін», - деді жас саясаткер.

Пита Лимджароенрат саяси мансабын 2019 жылы «Future forward» партиясынан парламентке сайланған кезде бастады. Миллиардер және армияның сенімді сыншысы санаторий Хуангроонгруангкит негізін қалаған партия 2019 жылғы сайлауда жақсы нәтиже көрсетіп, елде өзгерістерді талап етті. Бірақ 2020 жылы бұл партия даулы айыптауларға байланысты қысыммен таратылды. Көп ұзамай «Move Forward» ұйымы сол партияның мұрагері ретінде құрылып, оның тізгінін Пита Лимджароенрат ұстады.
Оппозиция депутаты ретінде айтып жүрген өткір сындарымен Тайланд Парламентінің «жарық жұлдызы» деп танылған саясаткер әскерилердің биліктегі ықпалын азайтып, монархиялық заңдарды реформалайтыны туралы уәделер беріп келеді.
Пита Лимджароенраттың өзі саяси элитаның белді өкілі болған ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде кеңесші болған, ал ағасы бұған дейін тақтан тайдырылған премьер-министр Таксин Чинаваттың көмекшісі болған. Жас саясаткер Бангок Таммасат университетінде қаржы бакалавры атанып, Гарвард университетінің Мемлекеттік саясат магистрі және Массачусетс технологиялық институтының іскерлік-әкімшілік магистрі дәрежесін алады. Ол өзін «Мемлекеттік саясат мектебінің америлық түлегімін» деп атайды.

Жергілікті саясаттанушылар, сайлауда «Алға қозғалыс» партиясы жақсы дауыс жинағанымен, Пита Лимджароенраттың премьер-министр болатыны нақты шешілген мәселе емес екенін айтып отыр. Себебі, министрлер кабинетінің жаңа басшысын Сенат пен Төменгі палата бірлесіп бекітуі керек.
Сенаттағы 250 депутаттың көбі әскери басшылардың жақтасы екенін ескерсек, қос палатағы 750 дауыстың кемінде 376 дауысын иелену оңай болмайтыны анық. Өткен аптада «Алға қозғалыс» партиясының жетекшісі «Пхэу Тай» партиясы мен өзге де оппозициялық партияларды әскерилерге қарсы одақ құруға үндеді. Пита Лимджароенрат тағы төрт оппозициялық партия «Үкіметті құру үшін күш біріктіруге» келісті деген мәлімдеме жасап үлгерді.
Соған қарамастан, шетелдік сарапшылар Таиландтағы оппозиция мен әскерилер арасындағы билік үшін талас әлі жалғасатынын болжап отыр. Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік-Шығыс Азияның геосаясаттағы жетекші ойыншылардың мүддесі тоғысар аймақ екенін ескерсек, елдегі ахуалға бүкіл әлем көз тігіп отыр деуге болады.

Өзгерістердің туризмге әсері
Тайланд әлем бойынша труистер үшін тартымды бағыттардың бірі болып есептеледі. Өйткені мұндағы қызметтердің құны туризмі дамыған өзге елдерге қарағанда арзан. 2022 жылы крольдік аумағына 11,15 миллион шетелдік турист келіп демалған. Тіпті пандемия шектеулер толық алынбаған 2021 жылдың өзінде мұнда келген туристердің саны 10 миллионнан асқан болатын.

Тайланд Үкіметі 2023 жылы елге кем дегенде 25 миллион шетелдік турист келеді деген болжам жасаған. Оның 5 миллионға жуығы Қытайдан келмек. Пандемияға дейін мұнда келетін туристердің басым бөлігі қытайлықтар болған еді. 2023 жылы ішкі және сыртқы туризмнен түскен жалпы табыс 2,4 трлн батқа жетеді (7 72,5 млрд доллар) деген болжам бар.
Жергілікті тұрғындардың көбі саяси дағдарыстарға қарамастан, Таиландта қоғамдық тәртіп сақталатынына, елдің негізгі табыс көзі саналатын туристердің қауіпсіздігіне қауіп төнбейтінінен үміттеніп отыр.