Алматыда жедел жәрдем көлігі жасөспірімді қағып кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті.

Алматыда жедел жәрдем баланы қағып кетті
Фото: видеодан алынған скрин

Желіде тараған видеода сол жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері жолда жатқан жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқанын байқауға болады.

Алматы полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 7 қазан күні сағат 17:20 шамасында Әуезов ауданында болған.

– Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Жандосов көшесімен шығыс бағытта, қарсы қозғалыс жолағымен келе жатып, Береговой көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан 2009 жылы туған жасөспірім балалар ауруханасына жеткізілді, - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

– Науқас дереу №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Нейрохирургтің тексеруінен және қажетті зерттеулерден кейін «жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бастың, беттің және сол жақ тізе буынының жұмсақ тіндерінің көгеруі» деген диагноз қойылды, - деп хабарлады Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа ауыр.

Науқас әрі қарай бақылау және қажетті ем алу үшін нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды.

Қазір оқиғаның мән-жайын Әуезов аудандық полиция басқармасы анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Талғар ауданында шақыруға бара жатқан жедел жәрдем көлігі Lexus RX 300 автокөлігімен соқтығысып, аударылып қалған еді.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар