Тайсон өмір бойы бас бостандығынан айырылды

 АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - 17 жасар Флорида тұрғынын  британдық екі туристі өлтіргені үшін өмір бойы бас бастандығынан айырды,

Тайсон өмір бойы бас бостандығынан айырылды

деп хабарлайды Associated Press . Шон Тайсон есімді бозбаланы АҚШ соты бірінші дәрежелі кісі өлтіру бойынша айыпты деп тапты.

Сот оны өлім жазасына кеспек болған екен, алайда қылмыскер кәмелеттік жасқа толмағандықтан, өмір бойы бас бостандығынан айыруға тура келген көрінеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 16 сәуірінде 25 жасар Джеймс Купер және 24 жасар Томас Кузарис деген екі британдық турист Флорида штатының Сарасота қаласында атып өлтірілген болатын. Құқық қорғау орындарының мәліметі бойынша, олар ішімдік ішіп алып, адасып кеткен. Сөйтіп қаладағы кедей аудандардың біріне тап болып, Тайсон тұратын тұрғын үйге кірген.

Бөтен адамдарды көрген жеткіншек оңай олжаға бату ниетімен, оларды тонамақ болады. Алайда британдықтарда көк тиын да болмай шығады. Ал қылмыскер оларды атып тастайды. Бұл туралы сотқа куәгерлер мәлімдеген. Олардың сөзінше, мәселенің мән-жайын Тайсонның өзі айтып берген көрінеді.

Дегенмен де, Reuters -тің хабарлауынша, қылмыскердің қорғаушылары Тайсонның екі туристі атып жатқан сәтін ешкім де көрмеген болып шықты. Сонымен қатар, екі британдық өлтірілген тапанша да осы күнге дейін табылмаған.