Тайсойғандағы мұнайды игеру үшін Қазақстан Ресейге басқа жерлер ұсынуды қарастырады - С. Мыңбаев

АНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тайсойғандағы мұнайды игеру үшін Қазақстан Ресейге басқа жерлер ұсынуды қарастырады.

Тайсойғандағы мұнайды игеру үшін Қазақстан Ресейге басқа жерлер ұсынуды қарастырады  - С. Мыңбаев

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын талқылау барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

Құжатты талқылау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: «Атырау облысының аумағындағы Қызылқоға ауданында 929-шы ұшу сынақ полигоны ретінде Ресейге берілген жер бар. Осы жер Қызылқоға ауданының үштен бір бөлігін алып жатыр. Сол жерде мұнай көздері бар деген ақпарат шығып еді. Ендеше, осы Қызылқоға ауданындағы мұнай көздерін өзімізге алып, пайдалану мүмкіндіктері бар ма?», - деп сұраған болатын министр Сауат Мыңбаевтан. Өз кезегінде депутат сауалына жауап бере келе министр: «Айтып отырғаныңыз «Тайсойған полигоны» шығар. Расында, Тайсойған полигонындағы біраз кен орындарында мұнай табылған. Қазір Үкімет Ресей тарапына осы сұрақты көтеріп отыр. Біз мұнай табылған жерді Тайсойған полигонының аумағынан шығарып, Ресейге басқа жерлерден полигон аумағын қарастырып береміз деген ойдамыз. Бұл сұрақты Қорғаныс министрлігімен бірлесе көтерудеміз. Қалай шешімін табатыны алдағы уақытта белгілі болады», - деп жауап қайтарды.