Тайвань 120 мың игуананы өлтіруді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Игуаналар аралдың ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай зиян келтіріп жатыр, деп хабарлайды Associated Press.

Орман шаруашылығы және табиғатты қорғау агенттігінің қызметкері Чиу Го-хаоның айтуынша, егін шаруашылығымен айналысатын аралдың оңтүстік және орталық аймақтарында 200 мыңға жуық бауырымен жорғалаушы мекендейді.
Арнайы жалданған топтар өткен жылы шамамен 70 мың игуананы өлтіріп, әрқайсысы үшін 15 долларға дейін сыйақы алды.
- Көптеген адам оларды сүйкімді кішкентай үй жануарлары ретінде сатып алады. Бірақ игуананың қаншалықты үлкен болатынын білмейді. Кейін оларды жабайы табиғатқа қайта жібереді. Бауырымен жорғалаушылар Тайваньдағы далалы жерлерге жақсы бейімделіп кетеді. Бұл олардың тез көбеюіне жол ашады. Енді біз оларды жоюға және табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге мәжбүр болып отырмыз, - деп атап өтті Оңтүстік Пинтун округі ауылшаруашылық департаментінен Ли Чи-я.
Тайваньда жасыл игуаналардың табиғи жыртқыш түрлері жоқ. Еркек дараларының ұзындығы 2 метрге дейін, салмағы 5 келіге дейін жетеді және 20 жылға дейін тіршілік етеді. Ал ұрғашылары бір уақытта 80-ге дейін жұмыртқа сала алады.
Жасыл игуана агрессия көрсетпейді. Олардың азығы негізінен жемістер, жапырақтар және өсімдіктерден тұрады. Кейде ұсақ жануарлармен қоректенеді.