Тайванда президент сайлауы өтіп жатыр
Тайванда президент және парламент сайлауы өтіп жатыр. Ел президенттігіне негізгі үміткерлер - Демократиялық прогрессивті партия атынан қатысқан қазіргі вице-президент Лай Циндэ мен консервативтік партия атынан Гоминьдан Хоу Юи. Kazinform бұл туралы CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Негізгі екі үміткерден бөлек, Тайвань президенттігіне үшінші үміткер бар, ол - Кэ Вэньчжэ.
Болжам бойынша, дауыс беруге 19,5 млн адам қатысады. Бюллетеньдерді қолмен санағаннан кейін алғашқы нәтиже сенбі кешке хабарлануы керек.
Парламентте 113 орын бар. Бір мандатты округ депутаттарына оның 73-і бөлінген, 34 депутат жалпыұлттық сайлау арқылы таңдалса, 6 орын аралдың байырғы тұрғындарына арналған.
Парламенттегі орынға Тайванның 16 саяси партиясының өкілдері таласып жатыр. Көп дауыс жинаған үміткер президент сайлауының жеңімпазы атанады, екінші тур болмайды. Тайвань президенті төрт жыл мерзімге сайланады және тек бір рет қана қайта сайлауға түсу мүмкіндігі бар.